×

Инклюзивті білім берудегі қиындықтарды қалай шешеміз

Педагог академиясы мен Балалар инклюзивті академиялық бірлестігінің төрағасы, педагог, ерекше баланың әкесі Нұрым Нұрғалиев  мырзамен сұхбаттастық

Инклюзивті білім берудегі қиындықтарды қалай шешеміз
Qaz365.kz

Елімізде жыл өткен сайын ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің білім беру  жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деп білім саласына қатысты ең басты стратегиясын қадап айтты. Ал Конституциялық заңнамамызда «Әр баланың білім алу құқығы тең» екені жазылған. Алайда соңғы 2 жылдағы инклюзивті білім беру жүйесіне қатысты    өзгерістерден соң, қалыпты балалар мен ерекше балалардың ата-аналарының арасында түсініспеушіліктер орын алып, екі алуан пікір үлкен дауға ұласты. Сәйкесінше, осы бір өзекті мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппағаны, қоғамдық сананың қалыптаспағаны, педагогтер мен мектептердің ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы оқыту бағдарламаларының шикілігі көрініс тапты. Бұлай дейтініміз, инклюзия (ағылшын тілінде – inclusion) – ендіру, қосу деген сөздің өзін жете түсінбейтін ата-аналардың көптігібайқалды.  Олай айтуға себеп болған «ауытқушылығы бар, эмоциялық өзін басқара алмайтын балаларды сау баламен бірге оқытуға болмайды, олардың әрекетін біздің баламыз өзіне көшіреді» деп, қалыпты баланың ата-анасы шыр-пыр болса, «балам ерекше болып өмірге келгені үшін кінәлі емес, оны сау баламен бірге оқытпасақ, қоғамдық ортаға қ алай бейімделеді?» деп екінші тарап күйінді.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды әлеуметтендірудің оңтайлы жолын, сірә, жиырма төрт сағат қасында болып, оған қандай методиканың тиімді екенін, заңнамамызға нендей өзгерістер мен толықтырулар жетіспей тұрған шикі тұстарын жіліктеп тұрып түсіндіріп беретін ерекше баланың ата-анасынан артық кім айта алады?

Жоғарыда атап көрсеткен ең өзекті мәселеге байланысты балаларын ешқандай арнайы мектептер мен балабақшалар қабылдамаған 40-қа жуық баланы тегін оқытып, өз үйін мектепке айналдырған, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін тиімді оқыту бағдарламасын жасаған – Педагог академиясы мен Балалар инклюзивті академиялық бірлестігінің төрағасы, педагог, ерекше баланың әкесі Нұрым НҰРҒАЛИЕВ мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұрым мырза, ерекше баласын ешқандай мектеп қабылдамай, шарасыз күйде қалған ата-аналар үшін өз үйіңізді мектепке айналдырғаныңызды естігенде, мықты рухыңызға тәнті болдық. Өзгенің баласы түгілі, өзінің сау баласынан безініп жүргендер қаншама?.. Мамандығыңыз педагог екендігінен хабардармыз. Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

–  Педагогтік еңбек тәжірибеме 15 жылдан асты. Соның 10 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің Орал, Атырау, Алматы қалаларындағы филиалдарында сабақ берумен өтті. Өзім ерекше баланың әкесімін. Қазір ұлым 15 жасқа толды. 2017 жылы ҚР-ның «Үздік ұстазы» атандым. Өзім биологпын, ерекше баланың әкесі ретінде елімізде осындай балалардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын көз көріп, құлақ естігенде, жаныма қатты батады. Себебі инклюзивті білім беру жүйесінде қиындықтар өте көп, ол шешімін әлі күнге дейін тапқан жоқ. Мемлекет тарапынан тегін түзету кабинеттері, күндізгі оқу орындары мен оңалту орталықтары бар. Алайда олардың саны тым аз болғандықтан, ерекше балаларды 100 пайыз толық қамти алмайды. Мұндай балалардың ішіндегі ең ауыр диагноздары барларын, тіпті ақылы орталықтардың көпшілігі қабылдағысы келмейді. Дәл осындай эмоциялық өзін басқара алмайтын балалар үшін өз үйімді мектепке айналдырып, оларды тегін оқытудамын.

–  Мемлекеттен тегін әлеуметтік көмек алу үшін ата-аналар «Асыл Мираста» жылдап кезекке тұрып, уақыты келгенде, оларға балабақшаның керегі де болмай қалады. Сол себепті де көбі коммерциялық оңалту орталықтарына баруға мәжбүр. Кешенді жұмысқа арнайы ассистент, тьютор, психолог, логопед-дефектолог сынды тағы да көптеген түзету жұмыстарының мамандарына қыруар ақша кететіні айтпаса да түсінікті. Сіз бұл мәселені қалай шешудесіз?

–  2019 жылы үйімді мектепке айналдырған кезде «бұл үй – отбасымды жылулыққа бөлейтін өте үлкен шаңырақ және ол бір баланың емес, 100 ерекше баланың үйі болады» деп өзіме сөз беріп, жұмысқа кіріскен едім. 4 жылдан бері 2022 жылдың қысына дейін осы үйді дайындадым. Бұл менің жалғыз баспанам болғанына қарамастан, тәуекел етіп, өзім жалдамалы пәтерге көштім де, бар күшімді осы мектепті ашуға жұмсадым. Мемлекет тарапынан әр балаға жан басына шаққандағы қаржыландыру бар. Бірақ ол тек ұстаздардың жалақысына ғана жетеді. Мектеп ретінде бұл үй үшін бірде-бір тиын жалдау ақысын алмаймын. Әзірше коммуналдық төлемдерді де өз қалтамнан шығарудамын. Себебі Үкімет беретін қаражат ұстаздардың жалақысынан артылмайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қамын ойлап, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін де жинаған азын-аулақ қаражатымызбен, командамызбен бірлесіп, өзіміз жасауға мәжбүр болдық.

Бұдан бөлек, біз афк, сенсорикалық, монтессори кабинеттерін толықтай техникалық құралдармен жабдықтау үшін демеушілердің көмегіне мұқтажбыз. Алматыда сегіз аудан бар. Мектебіміз Наурызбай ауданында орналасқандықтан, Түріксіб, Жетісу, Алмалы, Медеу аудандарынан мектебімізге ата-аналар ерекше балаларын оқытқысы келгенмен, жұмыс күндері екі ортадағы жолға 1,5-2 сағат кететіндіктен, қиындық тудырады. Мақсатымыз – сол аудандардан да мектебіміздің филиалдарын ашу.

– Бұл мәселенің төңірегінде көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету жағы да бір жолға қойылмады дейсіз ғой?

Иә, ол өз алдына тағы бір үлкен мәселе... 

– Қазақстанда 500-ге тарта арнайы жеке мектеп бар. Бірақ оның барлығы дерлік ақылы. Тегін оқытып жүр екенсіз, инклюзивті балалармен жұмыстың қиындығы тағы бар. Мектебіңіздің құзіреті қанша баланы оқытуға жетеді? Қиындықтармен қалай күресудесіз?

Өте дұрыс айтасыз. Жеке мектептер көп, бірақ тегін емес. Ал ерекше балаларға арналған мектептер жоқтың қасы. Алматыда біздің мектептен бөлек, тағы бір мектеп бар. Бірақ олар айына 200 мың теңге алады. Біз осы мектепті ашарда ата-аналарға тегін оқытамыз деп ескерттік. Сол принципімізде қаламыз. СЭС-тің қорытындысы бойынша, біз 120 баланы оқытуға мүмкіндігіміз бар. Әрбір сыныпта 10 баладан оқиды. Одан көп болмауы тиіс, себебі жұмыс нәтиже бермейді.

Инклюзивті білім беру жүйесінде проблема шаш-етектен. Оңтайлы оқыту бағдарламасының жоқтығынан ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мектептер мен ұстаздар дайын емес. Бұлай дейтінім – отыз бала отырған сыныпта бір ерекше бала болса, оған қандай методиканы қолдану керегін білмейді. Мұндай балалар үшін педагогтен бөлек, ассистент, тьютер мамандар керек. Ал олардың жалақысы 100 мың теңге көлемінде.

Қалыпты балаларға қарағанда, оларға ерекше методика керек болғандықтан да, олармен қалай жұмыс істеу керегін білмей қиналады. Осы мәселелерді ескере келе, «үйде оқитын ерекше балалар үшін шаһарымыздың әрбір ауданынан 4 кабинет берсе, біз жасаған тиімді методикамен баланың ақыл-ой қабілетінің жұмысын жақсартар едік» деп, Алматы қаласы әкімдігіне былтырдан бері хат жаздық. Нәтижесінде Бостандық ауданынан 4 кабинет алдық. Қыркүйектен бастап, біздің филиалымыз ретінде ол жерді коррекциялық жұмысқа, арт-терапия үйірмесі бойынша 20-ға жуық үйде оқитын балаларды оқытуға мүмкіндік алдық. Мектебіміз Наурызбай ауданы Шұғылада орналасқан. Қазір Түріксібте орналасқан Жас-Қанат шағын ауданынан ерекше балаларға қолайлы орын тауып отырмыз. Бірақ ол әкімшіліктің аз қамтылған отбасыларға арнап салған тұрғын үй кешені.

Сондағы осы ғимараттың бірінші қабаты түгел ерекше балаларға арналып салынған екен. Білім басқармасы мен қала әкімдігіне хат жазып, сол аудандардан ерекше балаларды тегін оқытуға көмек сұрағанымызда, өздеріне түзету кабинеті жетпейтінін айтқандықтан, ол ғимараттан үміт үзіп отырмын…

– Нұрым мырза, мұндай мәселе ТМД елдерінде де әлі күнге дейін шешімін тапты деп айта алмаймыз. ПМПК қорытындысы бойынша тьютор, ассистент мамандар берілмеген жағдайда психиатрдың ақылы көмегіне жүгініп, «маман бөлінуі керек» деген арнайы   рұқсатын  алып, жұмыстанады. Инклюзивті білім беру бойынша мемлекет тарапынан тегін әлеуметтік көмектің қайсысын ата-аналар білмей жатыр деп ойлайсыз?

–  Өте орынды сұрақ. Өзіңіз айтпақшы, арнайы мектептерге орын тапшы. Ата-ана үйінің жанындағы мемлекеттік мектепке ерекше баласын берейін десе, қалыпты отыз баламен бірге қосуға тағы алаңдайды. Сол үшін де әр ерекше балаға жеке тьютор берілуі керек. Ол көбіне ПМПК-ның қорытындысы бойынша үйде оқитын балаларға ғана рұқсат етіледі. Ал медициналық-консультативтік коммиссияның шешімі бойынша жеке оңалту жоспарына ата-анасы күндізгі оқыту орталығына баруы керек деп жаздырып алса, ерекше баланың бес күн бойы коррекциялық жұмыс алуына мүмкіндік туады. Біз өз тарапымыздан сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуге дайынбыз. Сонда үйде оқитын ерекше балалар 7 күн бойы тоқтаусыз маманмен жұмыс істейді. Бұл, әрине, ата-аналар үшін өте үлкен мүмкіндік. Күні-түні мүмкіндігі шектеулі баланың қасында болғандықтан, ата-аналардың өмірінде көптеген ауыртпашылықтар болады. Біз сондай балалармен ең болмағанда 2 сағат жұмыс істесек, олар үшін бұл – үлкен көмек. Бұдан басқа, шығармашылық үйірмелер мен түзету кабинеттері биылдан бастап бір жылға берілетін болды. Бұған дейін үш айға ғана рұқсат етілген. Баланың диагнозына байланысты аптасына екі рет үш бірдей маманның көмегін  қабылдай алады.

– Біздегі коммерциялық оңалту орталықтарының көп болғаны жақсы, бірақ олар балаға аттестат бермейді, сәйкесінше алдағы уақытта жұмысқа орналасу қиындығы туындайды. Ерекше баланың әкесі әрі педагог ретінде инклюзивті білім берудегі оқыту бағдарламасында қандай методиканың тиімді нәтиже беретінін осы салада жүргендіктен, өзіңізден артық білетін маман аз. Сіздің ойыңызша, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалай оқыту керек?

Негізінен, мемлекеттің ұстанған бағыты дұрыс. Инклюзивті қоғамға өтуіміз үшін алдымен педагогтеріміз бен мектептерді дайындауымыз керек. Қазір әрбір баланың деңгейі мен мүгедектігіне байланысты бекітілген арнайы бағдарламалар бар. Бірақ мемлекеттік мектептерде байқағаным – сыныптан-сыныпқа, бағдарламадан-бағдарламаға көшу жолы күрделі процеспен жүреді.

Бұлай деуге себеп болған – біздегі наурыз айында коррекциялық сыныпта оқитын баламыз Ташкентке емге барып келгеннен кейін баланың жағдайы қозу үстінде болды. Сәйкесінше, бұл оқу процесіне кедергі келтірді. Сол себепті де баланы, өкінішке қарай үйде оқытуға мәжбүр болдық. Немесе керісінше, үйде ғана оқиды деген жазу, оқу білмейтін, сөйлей алмайтын балалар бар. Біз үш айда жақсы нәтиже көрсек, мүмкіндігінше коррекциялық сыныпқа қосуға тырысамыз. Неғұрлым бала ортасына бейімделіп, топпен бірге білім алса, соғұрлым әлеуметтенеді.

Ал мемлекеттік мектептерде бала, мәселен, бір жылға оқуға алынса, жыл соңына дейін тек үйде ғана оқуға мәжбүр. Ал оның күнделікті прогресін көруге, оятуға мұғалімде қызығушылық та болмауы мүмкін. Егер баланы арнайы сыныпқа ауыстырса, мұғалімнің жалақысы азаяды. ЖББМ-де аптасына тек 10 академиялық сағат рұқсат етілген. Ол 30 минуттан небәрі 300 минут қана. Қалыпты балалар аптасына мектепке 5 рет барады. Әр күн сайын 4 сабақтан өтеді делік. Төртті беске көбейтсек, 20 сабақ қана өтеді. Ерекше балаларды осындай кемсітушілік бар.

Олардың да білім алуға толық құқы бар ғой. Өмірге ерекше болып келгеніне кінәсі жоқ. Төрт  қабырғада жалғыз ұстазбен ғана сабақ оқуға мәжбүр. Ал біздің басты ерекшелігіміз – үйде оқуға кеңес берілген балаларды аптасына 4 рет орталығымызға келтіруге тырысамыз. Жарты сағаттан 2 сағаттың ішінде бір емес, төрт бірдей маман жұмыс істейді. Ересек, сау адамның өзі 4 сағат бойы бір адамның лекциясын тыңдаса, жалығып кетеді. Ал ерекше бала тек бір ұстазбен ғана қалай жұмыс істейді? Қалай дамиды? Мұндай балалардың көңіл күйі де күн сайын құбылып тұрады. Бір күні сабақты қалыпты балалар секілді оқыса, енді бір күні қозу үстінде болады. Үйде оқитын балаларда текке кеткен күндер өте көп. Әсіресе ауылдық жерлерде маман тапшылығы айқын сезіледі. Кейбір ата-ана оқытпақ түгілі, үйінен шығаруға ұялады. Инклюзивті білім берудегі жұмыс үнемі тоқтаусыз, кешенді еңбекті қажет етеді. Егер бір күн тоқтаса, ақыл-ойы енді дамып келе жатқан баланың прогресі бірден артқа кетеді. Сол себепті де біз мектебімізде әсіресе үйде оқитын ерекше балаларға жіті көңіл бөлеміз.

– ҚР Оқу-ағарту министрілігінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы 6-бұйрығында мұғалімдер міндеті жазылған. «Педагогтер оқу бағдарламасын бейімдейді және жүзеге асырады» деп көрсетілген. Сол себепті ПМПК қорытындысы бойынша қандай да бір қорытындымен келген баланы мұғалім бейімдеуге міндетті. Инклюзиядағы сіз тізіп өткен проблемаларды категорияға бөлсек, бұл бүгін-ертең шешілетін мәселе емес. Жеке оқыту бойынша химия, физика, математика сынды пәндер балаға қиындық тудыратын болса, біз оларды қысқартпаймыз, бейімдейміз ғой. ПМПК-ның қорытындысы бойынша балаларға жеңіл оқыту түрі деп рұқсат етілген болса, орташа оқыту бағдарламасымен оқып жүргендер бар. Ата-аналар тарапынан шағым осындай. Сіз не дейсіз?

– Көктемде мектебімізге 300-дей ата-ана келіп, диагностикадан өтті. Мен тек бастауыш сынып туралы айта аламын. Себебі мектебіміз бастауыштан жоғары сыныпқа оқытуға лицензия ала алмай отыр. Ол үшін қаламыздың әр аудандарынан ғимарат керек, бұл қомақты қаражатты талап етеді. Сол үшін де әзірге қолымыздан келетін, мүмкіндігіміз жететін іспен өзіміз ешкімнен көмек алмай-ақ жасап жүрміз...
Бастауыш сыныптың өзінде көптеген ата-ана маған сіз айтқан мәселемен келеді. Бала қағаз жүзінде 3-сыныпта, бірақ деңгейі 1-сыныпта. Ал мемлекеттік мектепте оқитын болса, оны ұстаз басқа балалардан бөлек уақыт бөліп, оған арнайы бағдарламамен оқытуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол 3-сыныптың бағдарламасымен оқуға мәжбүр. Баланың мүмкіндігі болмаса да, солай болады. Шыға алмайтын жартасқа қалай секірсең де, бәрібір жете алмайсың. Бұл – баланың уақытын ұрлау.

Атақты педагог Л.С. Выготскийдің «Проксималды даму аймағы» деген теориясы бар. Егер жақын арадағы іс-әрекетке балаға мүмкіндік берсек, онда оған тырмысып, келесіде жоғары шығуға мүмкіндігі болады. Мәселен, бала қазір тек ақша санауды ғана біледі дейік. Оған аз ақша беріп, дүкенге балмұздақ алуды үйретсек, ол сол этаптан өтіп, келесіде одан да күрделі әрекет жасай алады. Ал, егер балаға біз қолданатын онлайн дүкеннен тапсырыс бер десек, ол бала үшін ешқашан көрмеген шың. Сол секілді біз ерекше баланы мемлекеттік мектепте екінші сыныптың оқушылары оқып жатқан бағдарламамен оқытатын болсақ, балада бір айдан кейін білімге деген қызығушылығы өшеді. Сөйтіп, мектепке барғысы келмейді. Оны қамшымен ұрып оқытсаң да, білімге деген ынтасын оята алмайсың.

Өркениетімізде күн сайын түрлі өзгеріс орын алып жатқан алмағайып заманда ерекше балалар үшін инклюзивті білім берудің ең тиімді әрі ұтымды тұсы – максимум 30 минуттан оқыту. Ал қалған 10 минутта бала батутқа секірсе не психологиялық түрлі тренингтер, дидактикалық ойындар ойнаса, ондай балаларда тек есте сақтау қабілеті ғана дамымайды, мектепке келуге деген ерекше құштарлық сезімі оянады. Сол себепті мұндай ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жайлылық (комфорт) орнатудың түрлі жолдарын қарастыруымыз керек. Барынша баланың стрестен аулақ болуына мүмкіндік туғызған жөн. Мәселен, кей балалар 5-сыныпта оқығанымен де, оның мінез-құлқы 5 жасар сәбимен тең болады. Соны ескеруіміз керек.

– Инклюзивті білім берудегі біздің басты мақсатымыз – баланы  стандартқа бейімдеу. Ерекше балалар үшін халықаралық жүйені негізге ала отырып, әлемнің алпауыт озық мемлекеттері АҚШ, Франция, Швеция, Италия мен Финляндияның стандартынан тәжірибе алмасып, педагогтерімізді оқытуға қаншалықты мүмкіндік бар деп ойлайсыз?

– Біздің Педагог академиямыздың 5 жылдық тарихы бар. Инклюзивті мектеп ашпас бұрын, пандемия жылдарында біз республикалық қашықтықтан оқытатын онлайн  мектеп ашқан болатынбыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларды ҰБТ-ға тегін дайындадық. Қазақстанның әр аймағынан жиналған 23 ұстаз, менің әріптестерім 100-ге тарта мүмкіндігі шектеулі баланы 1 жыл бойы онлайн тегін оқытты.

Сол кезде менің байқағаным – 10-11сыныпқа дейін мектепті толық оқып, бітіріп шығатын мүмкіндігі шектеулі балалар саны 3 есе азайып кетеді. Себебі 1-сыныпта оқуға келеді. 4-сыныптан соң, орта мектепке көшеді, сол кезде ПМПК ССО деп жазып береді. Яғни әрі қарай оқуға мүмкіндігі жоқ. Әрі кетсе 9-сынып бітіріп, кейін колледжге жібереді. Оларға «сіз етікші не аспаз болыңыз» деп кеңес береді. Сондай мамандықтармен ерекше бала өз күнін көре ала ма? Неліктен сол балаларға айфонды жөндеуді үйретпеске? Аутист балалардың ішінде бір іске ерекше қабілеттілері бар. Неге ол балаларды кемсіте береді? Деңгейлері сол етікші болудан аспайды деп ойлай ма?..

Сіз айтқан шетелдегі методикалар да біздікінен өзгеше деп айта алмаймын. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Тек балаға қандай тәсілдің тиімді екенін білу керек…

– Мәселен, сіздің мектептің ерекше методикасы қандай?

– Инклюзивті балаларға ерекше форматта сабақ өту үшін мектебімізде дыбыс жазу студиясын жасаттым. Сандық ресурстарды жасайтын тәжірибеме сүйеніп, химия, биология, физиканы рэп түрінде балаларға әнмен қызықты етіп жеткізу арқылы мұндай балалардың потенциалын ашуға болады. Жасанды интеллект бойынша дәл осы балалардың қолынан таңғажайып дүние жасап шығаруға барымды салудамын. Мектеп ашудағы мақсатым – бұл балалардың қолынан ештеңе келмейді деген баладан ешкімнің қолынан келмейтін нәрсені жасату.

– Америкалық философ, әлеуметтік либерализм концепциясын жасаған Джон Ролздың «Әділет теориясында» негізгі 3 аспектке көңіл бөлінген. Тең құқық, мүмкіндіктер теңдігі, әлеуеті осал топтардың жағдайын жасау. Меніңше, біздің қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасты өзгерту үшін қатаң заң керек... Президентіміз Қ.Тоқаев 2021 жылғы 26 маусымдағы ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы Заңнамаға қол қойғанын білеміз. Сонда 1-баптың 17-тармақшасында «кемтар» деген сөздің орнына «мүмкіндігі шектеулі балалар», «педагогикалық-психологиялық қолдау» деген сөздерді қолдану керегін айтты. Жалпы біздің қоғам өзгеше көзқарастан аулақ болу үшін заңнамамызға «ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалардың құқығы бұзылса, қомақты түрде айыппұл салынады не мына баптың мына тармағы бойынша жазаланады» деген толықтырулар керек сияқты. Сіз не дейсіз?

– Өте дұрыс айтасыз. Толықтай келісемін. Себебі мұндай жағдай өз басымнан сан мәрте өткен болатын. Бірде тұрғын үй кешенінен серуенге шыққан кезімізде, балам қатты қозған күйде болып, жерге жатып алды. Мұны көрген бір әйел жанымызға келіп, «бұл кімнің баласы, қазір полиция шақырамын, маған туу туралы куәлігін көрсетіңіз» деп, жолымыздан қалдырды. Сіз айтып отырған қатаң заңның болмағандығынан, мен ол кісіні жауапқа тарта алмадым. Осындай ерекше балам болғаны үшін ұялмайтын, керісінше, мақтан тұтатын әкелердің бірімін, ақпаратқа қашанда ашықпын. Бірақ қоғамдық орындарда адамдардың біртүрлі көзқарасы менің жаныма батады.

Тағы бір айтарым, біздің заңнамада ерекше баласы бар автокөлік жүргізушісі мегедектік белгісі бар жолаққа көлігін қоя алмайды. Қою үшін сол көлікте тірек-қимыл жүйесі бұзылған бала отыруы керек. Ал Ресейдің заңнамасында әлеуеті осал топтар мүгедектік белгісі бар жерге еш қиналмастан көлігін қоя алады. Сіз айтқан заңнамалық толықтыруларға «мүгедектік белгісі бар жолаққа мүмкіндігі шектеулі баласы бар автокөлік қана тоқтайды» дегенді қосар едім. Себебі бұл – психикалық ауытқушылыққа ұшыраған балалары бар отбасылар үшін өте үлкен жеңілдік.

– Инклюзивті білім беруде ең үлкен маңызды мәселе бар. Қалыпты баланың ата-анасы балаларының ерекше балалармен бірге оқығанын қаламайды. Себебі олардың әрекетін қайталап, ауытқушылықтарды байқадық деп шағымданады. Инклюзия – бірігуден, қосудан тұрады. Сонда бұл ерекше балаларды қалай әлеуметтендіреміз?

– Инклюзиядағы ең өзекті мәселе – осы. Екі тараптың да шағымы орынды. Бұл проблеманы шешудің жолы – біздің мектептер секілді кішігірім мектептердің санын көбейту.

Себебі 500-700 бала оқитын мектептердегі сыныпқа 30 баламен бірге оқыту – мүлдем дұрыс емес. Әрі нәтиже де болмайды. Он баламен бірге екі ғана ерекше баланы қосып, коррекциялық кластың өзін екіге бөлген жөн. Заң жүзінде де он баланың қасына екі ерекше баладан артық болмауы керек.  

Осылайша, академиялық білімді қажет ететін сабақтарды да біртіндеп қосуға болады. Зерде бұзылысы бар балалардың ішіндегі диагнозы ең ауыр деңгейі оқып-жазуды үйренгенде, басқа сыныпқа ауыстырамыз. Әрине, біздің баланы деңгейіне сәйкес бөлуге құқымыз жоқ. Бірақ біз мұны баланың болашағы мен оқыту жүйесінің тиімділігі үшін жасаймыз. Егер инклюзивті мектептерге осы жүйені қосатын болса, ең дұрыс шешім болатынына күмәнім жоқ.

– Инклюзивті білім беруде балаларды, расында бөлек оқытқан дұрыс секілді. Себебі мұны оларды бөлу мақсатында емес, қауіпсіздігі мен әділдік тұрғысынан айтып отырмын. Бұл жайында алып-қосарыңыз бар ма?

– Келісемін. Біздің мектебіміз, негізінен, осы мақсатта құрылған. Сол үшін оларды 4 класқа бөлген тиімді болады. Біріншісі –  үйде жеке оқитын балалар. Екіншісі – зерде бұзылысы бар балалар. Үшіншісі – коррекциялық жұмыс алатын балалар. Төртіншісі – қалыпты балалар.  Мемлекетіміз үшін ең дұрыс модель – осы. Сонда ғана сау бала мен ерекше баланың ата-анасының арасында дау-дамайға нүкте қойылады.

– Аутизмнің ең ауыр түріндегі балалар эмоциялық өзін басқара алмайды. Жеке оқытудағы сапалы методика әзірге жоқтың қасы. Блум таксаномиясына сәйкес, оқу бағдарламасындағы тиімділік жайында айтылады. Яғни мақсаттар қысқартылмайды, мақсаттар бейімделеді. Аутист балаларды оқыту кезіндегі қиындықтарды қалай еңсерудесіз?

– Өзіңіз білесіз, коммерциялық оңалту орталықтарының лицензиясы жоқ. Сәйкесінше, олар мектеп ретінде балаларды оқыта алмайды. Сол себепті ерекше балаларды қабылдамауға құқы бар. Менің де қабылдамауға құқым бар. Бірақ ешқандай мектеп қабылдамаған балаларды мектепке қабылдар кезде ата-анасынан «балаңыз тырнамай ма, тістемей ме, дәретханаға өзі бара ма?» деп сұрап, оларды оқыту үшін ата-анаға таңдау еркін өздеріне қалдырамын. Іс-әрекеті мен диагнозына қарай балаға ыңғайлы оқыту бағдарламасын таңдаймыз. Шындығында, мен ерекше балалардың үйде оқуына түбегейлі қарсымын.

– Егер ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті жүйедегі өзгерістер сіз айтқандай болса, нарықта бәсекелестік орнайды деген сөз. Бұлай етпеске де болмас. Себебі осы сала бойынша қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы. Өзіңіз секілді миссиялас адамдармен бірігіп, дәл осы мәселеге басты ден қою керек шығар?..

– Келісемін. Өте орынды ұсыныс. Біз мектебімізді ашқан кезде Алматы қаласында 8 арнайы мектеп болатын және олардың арасында бәсеке мүлдем болған жоқ. Қазір қуанышпен айта алатыным, мектебімізді тегін ашқандықтан, арнайы мектептен бізге келіп жатқан ерекше балалар өте көп. Сол себепті «Педагог академиясынан» бөлек, «Балалар инклюзивті академиялық республикалық бірлестігін» құрдық. Қазіргі таңда Алматыда 11 филиалымыз бар. Әрбір филиалдың басшылары – өзім секілді үздік ұстаздар. Қазір Қостанай, Орал, Рудный қалаларында тегін арт-терапия түзету кабинеттерін ашып, жұмысымызды бастап кеттік. Қыркүйекке дейін Қарағанды, Петропавл қалаларында, ал жыл соңына дейін Тараз, Шымкент, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан 20 филиалымызды ашуды көздеп отырмыз. Алматыдағы мектебімізді ашу үшін лицензия алуға 4 ай уақытым кетті. Бізге мемлекет ғимарат беріп көмектессе, аймақтарда арнайы мектептердің жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік алар едік. Себебі бізде тексерілмеген, сынақтан өткен, тәжірибемен келген тиімді бағдарламамыз бен ерік-жігері сынбайтын командамыз дайын. Біз сияқты жеке тегін мектептер саусақпен санарлық. Сондықтан нарықтық бәсеке бұдан да қыза түссе, балалар үшін қолайлы болады. Өзіңіз айтпақшы, бізді де оқулық мәселесі айналып өтпеді, көпбалалы ата-аналар оқулыққа 40 мың теңгесін жұмсай алмайды. Мүмкіндігі болса, біздің тегін мектепке келмес те еді.

Бұл туралы білім басқармасына талай хат жаздық, бірақ жауап жоқ. Алматыда 100 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Бірақ біздің 50-ге жетер-жетпес ерекше баламызды тегін тамақпен ең болмағанда бір мезгіл қамтамасыз етулерін өтініп, хат жазғанымызда, «жеке мектеп болғандықтан, сіздерге берілмейді» деген жауап алдық. Егер рақымшылық танытып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға көмек көрсететін кәсіпкер, жанашырлар табылса, балаларға бұдан да артық жағдай жасар едік. Мен қайырымдылықты қаржылай алғанға түбегейлі қарсымын. Демеушілер коррекциялық кабинеттеріміздің жабдықтарын алуға қол ұшын берсе деген өтінішім ғана бар.

– Жаңа бір сөзіңізде арнайы мектептердің методикасы әртүрлі екенін айтып өттіңіз. Өзіңіз білесіз, Мария Монтессори педагогикасы әлемге танымал. Оның негізгі 5 қағидасы да өте қарапайым. Соның ең алғашқысы – еркіндік. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жанашыр педагогтер санын арттыру керек деп ойлаймын…

– Әлбетте. Осы мектепті ашар алдында тренер болып та қызмет еттім.  Алматы облысының 40-тан аса мектептерінде инклюзивті білім беру бойынша педагогтерге өзімнің авторлық семинарымды өткіздім. Ол квест форматында өтеді. 2 сағат ішінде мұғалімдердің өздері бала секілді ойнап кеткенін көргенде, бізге шетелдің практикасы емес, олар жасап жатқан дүниені өзіміз де істей алатынымызға көзім әбден жетті. Әрине, мен құрастырған методика ұстаздық жолдағы 10 жылдық тәжірибемнің нәтижесінде жинақталды. Сіздің айтқаныңызбен толықтай келісемін. Себебі мамандығына берілген, жүрек қалауымен келген ұстаз ғана баланы үлкен жетістіктерге жетелейді. Үнемі ізденетін ұстаз ғана балаға жақсы тәлім бере алады.

Инклюзивті білім беру бойынша жеке оқитын балалардағы басты проблема – көбіне ата-анасы жұмыста болады. Балаға сабақ беруге келген мұғалімнің не үйреткені, не істегені беймәлім, зәбір көрсе де, ерекше бала оны әке-шешесіне айта да алмайды. Тіпті қорлық көрсетпеді деген күннің өзінде жанашырлықпен жұмысын істемейтін педагог балаға телефон қосып қойып та уақытын өткізуі мүмкін.

Семинарды ұйымдастыруымның да басты себебі – осы. Ұстаздарға идея беріп, баланың сабаққа деген қызығушылығын ояту. Ал дәрісті әрі қарай алып кету – педагогтің шеберлігіне байланысты. Министрлікке барып, орта білім беру мамандарын жинап, екі сағаттық семинарым жайында кеңінен талдап бердім. Бірақ қолдау жоқ. Былтырдан бері Бостандық ауданында бос тұрған ғимаратты 100 баланы тегін оқытуға көмек сұрап, сан мәрте хат та жазған едім. Міне, осы жазда ғана рұқсат алдым. Алайда қағаз жүзінде 100 квадрат деп көрсетілгенімен, шын мәнінде 50 квадрат қана беріп отыр. Оған да шүкір дедік…

– Ерекше балалар деп, жанкештілікпен жұмыс істеп жүрсіз. Отбасыңызға қаншалықты көңіл бөлудесіз? Қайткенмен өзіңіз де ерекше баланың әкесісіз ғой…

Шыны керек, осы мектепті әр аймақтан ашамын деп, отбасыма көңіл бөлуден қалдым. Жанашыр жақындарым «мектепті жап, не ақылыға көш» деп үнемі айтады. Бірақ менің әу бастан мектепті ашудағы ниетім – тегін жасау болған. Алдағы бір жылда максималды түрде қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Егер мемлекеттен көмек болмаса, кәсіпкерлер қолдамаса, мүмкін... бәлкім... мектепті жабатын шығармын. Себебі менің де жеке өмірім бар. Ерекше балама ерекше күтім керек. Оған да алаңдаймын…

– Жұмысыңыздың қаншалықты қиын екенін біліп отырмын. Осыншама еңбекті жарты жолдан асқаныңызда тастағаныңызды қаламас едім. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде психиатр Виктор Франклдың концлагердегі жағдайды баяндағанын білетін шығарсыз... Сондағы апатияны әдемі суреттейді.  Айтпағым, «тығырыққа тірелдім, болды, шешімі жоқ» деген жерде бақыт бар, сол жерде үлкен жетістіктің бастауы бар. Сол себепті сіздің бұлай тоқтатамын дегеніңізді естімегендей кейіп танытайын... 

Өзіңіз білесіз, ерекше баласы барлардың көбі – жалғызбасты аналар. Жауапкершіліктен қашқан, осы жағдайға әйелін кінәлаған не мұны «өмірімдегі ең үлкен қайғы» деп, дәрменсіздік танытып жүрген әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?

Жаңа айтып өттім, мамандығым – биолог. Адамның анатомиясын жақсы білемін. Жақында ғана ғылымда дәлелдеген бір жаңалықты оқыдым.

Аутизмнің негізгі себебі, ол – ер адамның сперматозоидынан келетін генетикалық деформация. Сондықтан бұған тікелей ер адам кінәлі, әйел емес…

– Баланың ерекше болып өмірге келуі – жүктілік кезінде әйелдер бойындағы дәрумендер тапшылығынан деп жатады ғой?

– Ал ол жүктіліктің қалыпты өтпеуіне кім кінәлі? Жүйке жүйесіне кім әсер етті? Триместр қалыпты өту үшін ер азамат жағдай жасауы керек еді. Тіпті жүктілікті жоспарлаған жөн. Өз басым әйелімнің жүктілік кезі қалыпты өтпегенін білемін. Себебі пәтерден-пәтерге көшіп, жағдайымыз болмады. Келіншегімнің бабын жасай алмағаным үшін өзімді кінәлі сезінемін. Бүгінде жастар арасында ажырасу көп. Басты себеп осы – әлеуметтік жағдай. Салдарынан балалар толық емес отбасында өседі. Бақытсыз балалар қаншама?.. Ел боламыз десек, дамуды халықтың әл-ауқатын көтеруден бастау керек…

– Тақырыпқа байланысты басқа не айтқыңыз келеді? Менің тарапымнан қойылмай қалған сауал бар ма?

– Мен ұстаз ретінде білім саласына қатысты айтайын. Ерекше баласы бар ата-аналар Конституциямыз бойынша перзентін мектепте оқытуға құқылы. Кей жағдайда ерекше балаға ерекше жағдай керек. Сол себеппен мектептер қабылдамай жатса, біздің мектепке әкеліп, балаңызды тегін оқытыңыз. Алайда «мектепке бердім» деп, жауапкершілікті ұстазға ғана таңудан аулақ болу керек.

Ерекше бала үшін ең үлкен ұстаз бар. Ол – анасы. Қоғамға бейімдейтін де, педагогпен жұмысынан бөлек жұмыстанатын да, ерекше баласының құқығын қорғайтын да – ата-ана. Соны жете түсіне білсе деймін. Біздің мектептің жұмысын жақсартуға қол ұшын созамын деген демеушілерге әрдайым ашықпын. Қазақстанда қайырымсыз адамдар жоқ деп айта аламын. Тек ақпарат аздығынан қайырымды істі қайда жұмсарын білмейді деп ойлаймын.

Ерекше баласы бар ата-аналар үшін пайдалы ақпаратыңызбен бөліскеніңізге үлкен рақмет. 

Сізге де рақмет!

PS: Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бүгінгі күндегі ең өзекті мәселесін шамамыз келгенше саралап, талдауға тырыстық. Осы салада көп іздендік. Оқыту бағдарламасынан бастап, қазақ тілінде оқулық болмағандықтан, орыс сыныбына амалсыз оқытуға мәжбүр болған ата-аналардың жанайқайын естідік. Жалғызбасты аналардың мұңын тыңдадық. Мұндай балаларды алып жүру үшін көлік инфрақұрылымының қолжетімділігі ақсап тұрғанын білдік. Мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекке кезекке тұрып, уақыты келгенде оның балаға керек болмай қалатынын түсіндік. Саламатты Қазақстанды құру жолындағы президент Қ.Тоқаевтың берік ұстанымының негізігі мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту. Ендеше, әлеуетіміз артып, әлеуметтік осал топтардың да Саламатты Қазақстанда тең құқығы сақталып, мүмкіндіктер теңдігі орнайды деп сенеміз..

Сұхбаттасқан  Жұлдыз ӘБІЛ, Qaz365.kz 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды
Кеше, 15:37

Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Орталық «Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылып отыр
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 
13 қараша күні Талдықорған қаласы оқушылар сарайында облыстық балалар құрылтайы өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →