Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты
Мектептегі буллингпен күресте Финляндияның KiVa бағдарламасы қолданылады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, 3 негізгі бағытқа назар аударып отыр.
«Біріншіден, білім саласындағы оқушылар арасындағы буллингті азайту үшін Финляндия елінің «Киви» деген бағдарламасын қарастырып отырмыз. Бұл бағдарлама өз кезегінде 10 жылдың ішінде фин мемлекетіндегі буллингтің бірнеше есе азаюына ықпал еткен. Сондықтан бұл бағдарламаны біз өзіміздің білім саласында қолдануды жоспарлап отырмыз», - деді Ғани Бейсембаев.
Ол бұл жерде мектептердегі тығырықты мәселені арнайы мамандар мен білім басшылығы шешуі керек деп айтты. Сондай-ақ арнайы есепте тұрған балалармен психологиялық жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.
Министр екінші бағытта мектептердегі психологиялық қызметтерді күшейту қолға алынатынын атап өтті. Осы орайда педагог-психолог мамандар саны мен біліктілігін арттыру қарастырылатынын еске салып өтті.
«Үшіншіден, мектептерде оқушыларға қаржылық сауаттылықты үйрететін жүйемен қамту көзделген. Бұл жүйе 2012 жылдан бері іске асып келеді. Бұл жүйе бойынша да маман тапшылығын шешу іске асырылады»,- деді ол.