×

Депутат Қазақстан тарихын көп томдық негізінде қайта жазуды ұсынды

Сенатор Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады

Депутат Қазақстан тарихын көп томдық негізінде қайта жазуды ұсынды
Фото: ашық дереккөзден/ primeminister.kz

Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстан тарихы туралы мектеп оқулықтарын жаңа көп томдық негізінде жазуды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өз халқының тарихын білмеу – қасірет! Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Бұл кезде халық өз тарихын бұрмаланған түсініктен қате танымда қалыптастыра бастайды. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында осындай пікір білдірді. Депутаттың пайымынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отыр.

Депутат Мемлекет басшысы таяуда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осы айтулы датаны еске салғанын атап өтті. Президент осыған орай біздің мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай ауқымды зерттеулер жүргізу маңызды екенін атап өтті. Парламентші осыған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырғанын, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізгеніне назар аударды. Сенатор биылғы жылы аяқталатын Қазақстан тарихы бойынша көп томдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деген үмітін білдірді.

«Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен 6-7 сыныпқа арналған оқулықта Моғолстан мемлекетіне 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі», – деді сенатор.

Парламентші еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады.

«Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды», – деді сенатор.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →