Ол жемқорлықтың бұрынғы басшылық тұсында болғанын меңзеді
Үкімет отырысынан кейін тілшілердің бірі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан соңғы кездердегі білім саласындағы жемқорлықтың көбейіп кеткенін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Соңғы кездері Алматы немесе Түркістан облыстарындағы білім басқармасы немесе білім бөлімінің басшылары жүздеген миллион теңгенің жемқорлығы бойынша ұсталып жатыр. Тіпті, олардың ішінде өз-өзіне қол жұмсаған адамдар бар. Осы дүние сізді алаңдатпай ма? Білім саласындағы жемқорлық балаларға сапалы білім беруге кедергі келтірмей ме? Бұл мәселеде өзіңізді айыптымын деп есептемейсіз бе?» – деді тілші.
Министр оқу-ағарту мен жемқорлық сәйкес келмейтін ұғымдар екенін айтты. Сондықтан былтыр сыбайлас жемқорлық агенттігімен бірлесе отырып, осы саладағы мәселелерді толыққанды зерттеуге кіріскенін атап өтті.
Ол жемқорлықтың бұрынғы басшылық тұсында болғанын меңзеп қалды. 2019 жылдан 2023 жылдың 4 қаңтарына дейін бұл ведомствоны Асхат Аймағамбетов басқарған.
«Сол бағытта жол картасы әзірленді, бірнеше рет мектеп және білім басқармасы мен білім бөлімі басшыларымен көптеген кездесу, семинарлар өткіздік. Сондықтан да қазір көп анықталып жатқан жағдайлар, яғни 2020 жылдан бастап жіберілген қателіктер шығып жатыр. Бұл біздің бірлескен жұмысымыз. Жалпы бұл салада жемқорлық атымен болмауы тиіс, тазалық болуы керек. Сондықтан бұл бағытта барлығымыз бірлесе жұмыс істеуіміз керек», – деді Ғани Бейсембаев.