×

Оқушылары робототехникамен әлемге танылған лицей

Бішкек, Түркия, Кипр, Үндістан сынды елдерге барып, ел намысын қорғаған лицей оқушылары қанжығаcын бас жүлдемен майлаған

Оқушылары робототехникамен әлемге танылған лицей
Фото: Qaz365.kz

Адамзаттың техникалық жетістіктерінің көрінісі – робототехника. Құрастыру, жинау, жеткізу сияқты тағы да көптеген функциялармен автоматтандырылып, нарықты жаулады. Бұрын бұл саланы тек әлемнің озық елдері ғана меңгерсе, қазір еліміздің талантты оқушылары мектеп табалдырығында жүріп-ақ, робототехникамен әлемге танылып жүр. Таяуда Алматы білім басқармасының қолдауымен Алматы білім-инновация лицейінде робототехника кабинеті ашылған болатын. Нәтижесінде небәрі 7 ай ішінде лицей оқушылары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бішкек, Түркия, Кипр, Үндістан сынды елдерге барып, ел намысын қорғаған лицей оқушылары қанжығаcын бас жүлдемен майлаған. Бір білім ошағының ғана емес, Қазақстанның заманауи техникалық мүмкіндіктері мен мәдениетін әлемге паш етіп жүрген лицей оқушыларынан күтер үміт көп. Себебі алда Австралия елінде бақ сынамақ.

Робототехника бойынша лицей шәкірттерін халықаралық жарыстарға апарып жүрген ұстаз Зияқожа Шарафатдинов айтуынша, оқушылардың әлеуеті әлдеқайда жоғары.

«Лицейде робототехника кабинетін ашқанымызға 7 ай болды. Соған қарамастан оқушыларымыз үлкен жетістіктерге жетуде. Қазірдің өзінде шәкірттеріміз 4 елге барып, чемпион атанды. Соның барлығы оқушыларымыздың робототехникаға деген қызығушылы мен ізденістерінің жемісі деп білемін», – дейді.

      

Құндылығымыз – достық пен кәсібилік

«Халықаралық байқауда балаларға материалдық көмектен бұрын лицей әкімшілігі тарапынан қолдау қажет болды. Бастапқыда балаларды сырттай бақылап жүремін деп ойлағанмын. Бірақ олардың робототехниканы құрастыру, код жазу, инженерияға деген ынтасын көргенде, тренер ретінде барынша қолдап, өзімнің де осы  салаға деген қызығушылығым оянды. Лицейдің атынан бақ сынайтын «Сана» командасының құрамы 10 адамнан тұрады. Өзге мемлекетке барғанда ойын ережелері қатаң сақталады. Егер оқушылардың бірі өзара жанжалдасса, не боқтық сөз айтса, команда автоматты түрде сайыстан шығарылады. Роботехниканың маңызы сол – ең бастысы команданың ауызбіршілігін, ынтымақтастығын  жоғалтып алмау, достықты сақтау.  Кейде команда жігіттері эмоцияға беріліп жатады. Осы кезде шәкірттеріме біздің құндылығымыз – достық пен кәсібилік екенін естеріне саламын. Туындаған қандай да бір мәселені бітімгерлікпен шешуге ат салысамын».

 

Робототехника кабинетін кеңейтеміз

«Робототехника кабинеті Алматыдағы көптеген мектептерде осыдан 3-4 жыл бұрын ашылған. Мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп, біз енді ғана осы мүмкіндікке қол жеткіздік. Робототехника кабинетін ашу үшін Алматы білім басқармасына өтінгенімізде, ұсынысымызды бірден қабыл алып, қаржы бөлді. Кабинет ашылғаннан бастап, робототехникаға қызығатын оқушыларымыз осы салаға кірісіп кетті. Басында 20-30 ғана оқушы болса, қазір 80 балаға дейін қатысып, қабілеттерін шыңдауда. Биыл тағы да робототехника лабораториясын алуға ұсыныс жасап отырмыз. Себебі шәкірттеріміздің мүмкіндігі зор. Бұдан үлкен масштабқа шығуды мақсат еткендіктен, 150 оқушыға дейін қатыса алатын лаборатория ашу жоспарда бар».

Айта кетейік, лицейде робототехниканың екі түрі бар. Біреуі – LEGO. Онда 12 мен 16 жас аралығындағы, яғни 7-8-сыныптар оқушылар қатыса алады. Екіншісі – VC немесе FTC. Бұл 12 мен 18 жас аралығындағы оқушыларды қамтиды. 9-11 сынып шәкірттері қабілеттерін шыңдай алады.

Робототехника құрастырып жүріп, лицей оқушылары математика, информатика, сондай-ақ химия мен физика пәндерін жетік меңгеру керек екенін түсінген. Себебі өлшеу, есептеу, болжау сынды қабілеттер жаратылыстану бағытындағы сабақтарды жетік меңгеруге жетелейді. Бұл туралы ұстазы:

«Үндістанға жарысқа барғанда, ол мемлекетте бұл саланың қатты дамып кеткенін көрген оқушыларымыз елге келген соң, жіберген қателіктерімен жұмыс істеді. Коммуникация құрып, танымын кеңейтті. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді жақсы білу керек екенін түсінді. Нәтижесінде Бішкекте өткен жарыста чемпион атанып, Австралияға жолдама ұтып алдық. Кипрдағы 4 мемлекеттен  қатысқан 30 команданың ішінен де оқ бойы озық шықты. Лицейіміздің атын шығарған дарынды шәкірттерімізбен мақтанамыз», – дейді ол.

Команда капитаны Дарын Смайылдың айтуынша, робототехника көптеген мүмкіндіктер есігін ашқан. «2024 жыл басталғалы бері 3 жаңа елді көрдік. Үндістанға, кейін Кипрға Қазақстан атынан барып 1-орын иелендік. Одан соң жақында ғана өткен Бішкектегі халықаралық жарыста кәсібилігімізді көрсетіп, бас жүлде иелендік. Енді шілдеде Австралияда өтетін ойынға қызу дайындық үстіндеміз», – Дарын.

Команданы басқару – алып компанияны басқарумен тең

«Робототехника бойынша «Сана» командасын басқарамын. Жігіттермен бірге ел-жер көріп қана қоймай, өзіміздің осы саладағы қабілеттерімізді шыңдаудамыз.  Мен үшін мүмкіндік деген тек ел көру емес, өзге елдің мықты командаларының тәжірибесін алып, коммуникация жасау, еліміздің өзге өңірлеріндегі балаларды осы салаға тарту, дамыту. Себебі робототехникадағы командалар – өз алдына компаниялар сияқты. Компания ішінде түрлі салалар болатыны сияқты, бізде де код жазушылар, инженерлер  сияқты  әртүрлі салаларды меңгерген оқушылар құрамын қамтиды. Команда жетекшісі ретінде лидерлік қабілеттерімді жетілдіріп келемін. Болашақта бұл үлкен компания басқаруымның баспалдағы деп санаймын».

Көшбасшылық қабілеті бар Дарын болашақта Америкада оқуды мақсат етіп отыр. First бағдарламасы арқылы әлемнің топ-университеттерінде грантқа түсуге ынталы.

Ал команда мүшесі Арнар Дәулетқұл халықаралық жарыстарда жақсы нетворкинг болғанын айтады.

«Робототехниканы еліміздің түрлі аудандарына таныстырып, басқа балалардың да осы салаға қызығушылығын оята алдық. Ал шетелге жарысқа барғанда мен тек робот жасап қойған жоқпын, сондай-ақ әлеуметтік-коммуникациялық дағдыларымды жетілдірдім. Жалпы осы робототехникадан кейін инженерлік жұмысқа деген шабытым оянды. Себебі робот жасап, қол үйренген соң, тоқтағың келмейді. Келешекте өзімді инженерлік саладан көргім келеді», – дейді ол.

Соңғы уақытта индустриялық және коммерциялық робототехника қарыштап дамуда. Заманауи жастарға талап күйшейген сайын, оқушылардың да сапалы білім алуға ұмтылатыны көңіл қуантады.

Алматы білім-инновация лицейінің дарынды шәкірттері үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлеп, алдағы мақсаттарына сай межелі міндеттерін нықтап алған. Алматы шаһарындағы білім беру лицейінің еліміздің өзге де өңірлерінің оқушыларына үлгі болып, сара жол салып беруі – мақтануға тұрарлық. Себебі дәл осы робототехника бойынша «Сана» командасының жаңа қатысушы атанған Алдияр Дәулетұлы айтуынша, бұл саладан бейхабар бола тұра, Pixel қою, код жазу жұмыстарын аз уақытта меңгеріп алған көрінеді.

«Мен команда құрамына екі ай бұрын ғана қосылдым. «Сана»-мен бірге Астана, Қырғызстан, Кипрда өткен жарыстарға бардым. Шетелге көріп, қазақ елінің мәдениетін танытуға атсалыстым».

Кипр министріне ауыл дәмін ұсындым

«Кипрда өткен байқау ерекше есімде қалды. Министріне дәстүрімізді жаңғыртпақ боп, қазақы меймандығымызды көрсеттік. Иығына шапан жауып, құрметімізді білдірдік. Қазақстаннан апарған құрт, жент сынды тағамдарымыздан дәм татқызсақ, қара домбыраның үнін естіп, қосішектің күмбірі мен құдіретіне таңдай қақты. Мен жарыстарға барғанда тек ойыншы ғана емеспін, сонымен қатар маркетингтік жұмысты қатар атқарамын. Әлеуметтік желіде біздің жанкүйерлеріміз, оқушылар, осы салаға қызығатындар мен ата-аналар үшін команданың ойынынан тікелей эфирде хабар таратамын. Маркетинг пен дизайнерлік сала жаныма жақын. Болашақта осы екі салада қызмет еткім келеді», – дейді Алдияр.

Білімді ұрпақ – ел болашағы. Оқушылары робототехникамен әлемге танылған лицейдің бұдан да үлкен белестерді бағындырары анық. Білекке емес, білімге сенетін заманда шәкірттерінің сапалы білім алуына жағдай жасаған  білім ошағы – тек Алматы шаһарында ғана емес, әлемдегі үздік мектептер қатарына да қосылады деп сенеміз!

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады
Бүгін, 16:25

Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →