×

Алматы облысында оқушылар жаппай уланып қалды

Мектепте аяғы ауыр мұғалімдер де болған

Алматы облысында оқушылар жаппай уланып қалды
signature

Алматы облысында мектеп оқушылары жаппай уланып қалды. Төтенше оқиға Талғар ауданының Жалғамыс ауылындағы №15 мектепте болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.

Мектепке бірден бірнеше жедел жәрдем көлігі келген. Жаңадан тағайындалған мектеп директоры Гүлназ Алиғожаева қызметкерлерге оқу жылы аяқталмаса да кабинеттерді сырлатқан. Бояу сасыған, сыры кеппеген мектепте мұғалімдер сабақ өткізген. Салдарынан оқушылардың басы айналып, ата-аналарына шағым жасаған. Ауыл тұрғындарының сөзінше оншақты оқушы уланып қалған.

«Балам 7 сыныпта оқиды. Міне әлсіз, жүруге жарамайды. Есінен танып құлаған. Жағдайы нашар. Мектептің барлық терезелерін ашып тастаған, бояудың иісі көшеге дейін шығып тұр. Баламды жедел жәрдем облыстық ауруханаға алып кетті. Ішін шайғызып, система салды. Түскі сағат екі кезінде уланған. Ішкі құрылыстарын шайғыздым, міне түн болды», – деді Талғар ауданы Қайнар ауылдық округі Жалғамыс ауылының тұрғыны Гүлнұр Шабданова.

Аудан орталығынан жедел жәдем көлігі жеткенше ауылдық амбулаторияның дәрігері мен мейірбикелері кешке дейін балаларға көмек көрсеткен. Ал үйлеріне қайтқан оқушылар басы айналып, жүрегі айнығанын айтып, шағымданған.

«Облыстық балалар ауруханасына 2010 жылы туған бір оқушыны әкелген. Қалған оқушыларды Талғар аудандық ауруханасы қараған. Қанша жедел жәрдем шақырылды, қанша оқушы уланды, оны анықтап жатырмыз», – деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.

Мектепте аяғы ауыр мұғалімдер де болған. Аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкерлердің сөзінше, жаңадан келген директор сыныпты жөндеуге ақша жинатқызған.

«Тағайындалғанына бір апта ғана болған директор кабинетін жаңалатып, жаңартқан. Оны қайдан келген ақшаға жаңартты? Оны директордың өзіне де айттым. Атын айтпайын, ауылдың мұғалімдері директордың ақша жинатқанын айтып шағымданды. Әлде мемлекеттен ремонтқа ақша бөлініп қойған ба? Директордың қылығына көнбеген мұғалімдер, қызметкерлер жұмыстан шығып кеткен», – деді Шабданова.

Мектепке полиция да келген. Елді жаппай дүрліктірген оқыс оқиғаның орын алуына себепкер болған директор бұрын да осы мектепте басшы болған. Алайда мектепте жеке кәсібін дөңгелеткені үшін қызметтен кеткен еді. Арада алты жыл өткенде қайта тағайындалды.

«Қызымның басы ауырып келді. Неменеге олай жасайды? Сол директор болмағанда да мектеп құлап қалған жоқ, келе сала неге бықсытып жатыр? Оқу жылы аяқталып қалды, неге демалыста боятпайды», – деді ашулы ауыл тұрғындары.

«Бірінші және мектеп алды даярлық сыныптарына сабақ болмады бірнеше күн. Мектепке келмесін оқушылар, ремонт жүріп жатыр деген. Яғни, оқу процесі бұзылды, мемлекеттің бекіткен жоспарын директор бұзды. Қызымды жібермедім мектепке, енді бүгін мына жағдайды естіп баламның сабаққа бармағанына қуанып тұрмын. Уланған көп оқушыларды ауылдық амбулаторияның қызметкерлері аман алып қалды», – деді тағы бір ата-ана.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →