Ақордадағы кадрлық ауыс-түйісті қоғам қызу талқылап жатыр
Қоғам билікте болған кадрлық ауыс-түйісті қызу талқылап жатыр. Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ал Роман Скляр Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне ауысты, ал Айбек Дәдебай бұл қызметтен босатылды. Осыған байланысты мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, мемлекеттік органдарда, әсіресе кадр саясаты бағытында белгілі бір наразылықтар байқалады. Депутат президент әкімшілігі басшысының күтпеген жерден ауысуын да осы мәселелермен байланыстырды.
«Соңғы кездері мемлекеттік органдардың, әсіресе, кадрлық мәселе тұрғысындағы жұмысында бір наразылықтар туындаған сыңайы бар. Сондықтан мәселен алда мейрам келе жатыр. Екі мейрамның ортасында асығыс жағдайда не себепті әкімшілік президент әкімшілігінің басшысын ауыстырды? Қандай асығыстық бар еді? Кім қуып келе жатыр? Жау қуып келе жатқан жоқ», — деді ол.
Сондай-ақ депутат соңғы уақытта «кадрлық бизнес» ұғымы пайда болғанын атап өтті.
«Яғни туындап отырған бір мәселе бар. Шұғыл және осындай әрекет жасаудың қажеттілігі тұр деп ойлаймын. Нақты анаған мынаған байланысты деп өзге шұқып айтатындай емес. Бірақ енді менің ойымша соңғы кездері елдегі кадр саясатында көптеген сұрақтар туындады. Мемлекеттік органдарда кадр саясатын бақылайтын — жалғыз президент әкімшілігі және басшысы. Соңғы кезде, жасыратыны жоқ, “кадрлық бизнес” деген ұғым пайда болды. Кадрлық тағайындау бизнеске айналып бара жатыр деген мәселе», — деді Ермұрат Бәпи.
Ол бұл факторлар жиынтығы президент әкімшілігі басшысының ауысуына әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Касым-Жомарт Токаев экс-басшыны қабылдап, оның жұмысына алғыс білдіру арқылы бұл өзгерістердің ішкі кадрлық сипатта екенін ишарамен жеткізген.