Мәжіліс дәлізінде ІІМ өкілі Әл-Фараби даңғылындағы көлік «жарыстарына» қатысты пікір білдірді
Мәжіліс дәлізінде журналистер Ішкі істер министрлігінің өкілі Санжар Әділовтен Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында жол апаттарына қарамастан, неге кейбір көліктердің әлі күнге дейін «жарыс ұйымдастыруын» тоқтатпағанын сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистер көтерген мәселеге жауап берген ІІМ өкілі жол ережесін бұзуға қатысты заң талаптары қатаң екенін атап өтті.
«Ешкімнің заң бұзуға ешқандай құқығы жоқ. Сол себепті жол ережелерін бұзатын болса, міндетті түрде полиция қызметкерлері кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Осыған орай, заң алдында бәрі бірдей. Егер заң бұзатын болса, біреуді жазаға тартып, біреуді жазаға тартпау деген болмайды. Заң бұзған азаматтарды біз міндетті түрде жазаға тартамыз», — деді Санжар Әділов.
Еске сала кетейік, 21 наурызда Zeekr кроссовері қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігіне соғылған болатын. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ішкі істер министрлігі Zeekr жүргізушісінің жеңіл дәрежедегі мас болғанын растаған еді.