Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ішкі істер министрлігінің өкіліне автомектептердегі жемқорлық және заңсыз ақша айналымы мәселесі бойынша сауал қойды. Ол бұл қаражат шетелдегі бір азаматтың қалтасына түсетінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, жүргізуші куәлігін аларда азаматтардан заңда қарастырылмаған қосымша төлемдер жиналып жатыр. Депутаттың сөзінше, жылына жиналатын қаражат 5-6 миллиардқа жетеді.
«Менің сұрағым ІІМ өкіліне бағытталады. Санжар мырза, білесіз, автомектептердегі заңдастырылған жемқорлықты тоқтату керек деп мен комитетте өткенде айтқанмын. Содан бері біраз уақыт өтті. Бірақ біздің атымызға келіп түсіп жатқан шағымдар көбеймесе, азайған жоқ. Қарапайым тілмен жеткізейін, мысалы жүргізуші куәлігін алу үшін екі жарым ай автомектептің базасында тіркеледі. Толық курс оқуға міндетті. Ол дұрыс енді. Бұл үшін әркім соған байланысты оқу ақысын төлейді. Ол дұрыс енді. Бірақ одан бөлек автомектептің кіре берісінде жеке бір QR код тұрады. Сен соған 8500 теңге төлеуге міндеттісің. Ол автомектепке де қатысы жоқ. Енді есептеңіздер. Жылына шамамен 670 мың адам бізде жүргізуші куәлігіне тапсырады. Әрқайсысы 8500 теңгеден төлесе, бұл жылына 5-6 млрд деген сөз. Сол 5-6 миллиард теңге кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл ақша үкіметке де түспейді, бұл ақша ІІМ жүйесіне де түспейді. Ашық есепте жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша бұл ақша шетелде тұратын А. есімді жеке тұлға бар. Соның қалтасына түседі. Бұл ашық түрде қалыптасқан көлеңкелі қаржы айналымы және ықтимал лобистік схема емес пе? Автомектептерді әр азаматтан міндетті түрде ақша жинауға кім мәжбүрлеп отыр? А. есімді азаматтың бір өзінің шамасы жетеді деп мен ойламаймын. Яғни оның оның жоғарыда қорғап отырған біреуі бар. Санжар мырза, мендегі сұрақ: бұл заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар? Бұдан бөлек ресми тексеріс жүргізуге уәде бергенсіз. Қашан бастайсыз?», — деді Мақсат Толықбай.
Депутаттың сауалына ІІМ өкілі Әділов Санжар Әскенұлы жауап беріп, тексеріс басталғанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда әкімшілік полиция комитетімен қызметтік тексеріс басталды. Сонымен қатар жұмыс тобында жұмыс істеген кезде, меніңше, біз дұрыс шешім қабылдадық. Мына автомектептер деп жатырмыз, біздің уәкілетті орган әкімшілік полиция қызметкерлері бар. Бұлардың арасына ешқандай одақ, бітімгер керек емес. Ешқандай жемқорлыққа жол бермеу керек. Осымен біз толық келісеміз. Тиісті шараларды қабылдаймыз», —Санжар Әділов.
Айта кетейік, мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.