Мерекеде жас буынға да айрықша көңіл бөлінді
Көкшетау қаласының жағалауы бүгін ашық аспан астындағы үлкен саптық алаңға айналды. Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара ардагерлерді, әскери қызметшілерді және жастарды бір алаңға топтастырып, әскери дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісін көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Салтанатты жиын басталмай тұрып-ақ жағалау маңы күштік құрылымдардың саптық топтарына, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне толып, олар сахна маңында құрмет қарауылына тұрды.
Мерекелік рәсім мемлекеттік хаттамаға сай басталды. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының ту ұстаушылар тобы әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шықты. Бұдан кейін ел Әнұраны шырқалып, салтанатты шараға жиналған көпшілік ерекше рухқа бөленді.
Жиында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп, Отан алдындағы адал қызметтің маңызын атап өтті.
– Бұл күні біз Қарулы күштер қатарында қызмет еткен және бүгінде ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетеміз. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың тыныштығын қорғау – үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда екі мыңнан астам ақмолалық түрлі әскер қатарында шыңдалу мектебінен өтуде. Екі күннен кейін Жеңіс күнін атап өтетініміздің өзі – өткен мен бүгінгі батырлардың сабақтастығын айғақтайды. Туған жерге қызмет етуден асқан қасиетті міндет жоқ, – деді Елдос Рамазанов.
Іс-шараның басты бөлігі үздік әскери қызметшілер мен сала мамандарын марапаттау рәсімі болды. Полковник Қанат Омаровқа «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері» медалі табысталды. Сонымен қатар мінсіз қызметі үшін ондаған әскери қызметші, полиция және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мемлекеттік наградалармен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Азаматтық қорғау капитаны Диас Солтанбек жиналған қауымды 7 және 9 мамыр мерекелерімен құттықтап, қызметке берілген жоғары баға үшін облыс басшылығы мен ведомстволарға алғысын білдірді. Ол ел тыныштығы мен бейбіт аспанның қадірі әрдайым биік болуы тиіс екенін атап өтті.
Мерекеде жас буынға да айрықша көңіл бөлінді. Салтанатты жағдайда жиырма оқушы «Жас Ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің қатарына қабылданды. Ұйымның мақсаты – мектеп жасынан бастап жастардың бойына заңға, тәртіпке және Отанға деген құрметті қалыптастыру.
Көпшіліктің ерекше ықыласына патриоттық клубтардың көрсетілімдері ие болды. Жақында облыстық сап және ән байқауының жеңімпазы атанған «Томирис» клубының қыздары 5510 әскери бөлімінің оркестр сүйемелдеуімен жоғары деңгейдегі саптық шеберліктерін паш етті. Сондай-ақ СОБР жауынгерлері мен Полиция департаментінің вокалдық тобы орындаған «Сауыт» композициясы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік күн өңірдің үздік шығармашылық ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды. «Гәкку» және «Айнакөл» ансамбльдері өнер көрсетіп, қала тұрғындарына нағыз халықтық мерекенің атмосферасын тарту етті.