6 мамырда «Swiss Air» әуе компаниясының ұшағы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сеулден Цюрихке бағыт алған Airbus A350 әуе кемесінің жоспардан тыс қонуына екінші ұшқыштың денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған.
Ресми мәліметке сәйкес, ұшақ сағат 12:48-де жерге қонған. Бұл уақытта бортты әуежайдың медициналық қызметі күтіп тұрған. Мамандар «жедел абдоминальды синдром» белгілері байқалған ұшқышқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, одан кейін науқасты қалалық жедел жәрдем бригадасына табыстады.
Қажетті медициналық тексеруден өтіп, одан әрі ем қабылдау үшін екінші ұшқыш Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Бұған дейін аталған әуе кемесінің Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшып бара жатып, апаттық дабыл (SOS) бергені туралы ақпарат тараған болатын. Қазіргі уақытта әуе компаниясы рейс жолаушыларының одан әрі сапарын жалғастыру мәселесін шешуде.