×

«Әкем сенген жоқ»: Президент қолынан пәтер кілтін алған Жансая Омарова қандай салада ғылыми зерттеу жүргізіп жатқанын айтып берді

"Баламалы энергия – экологиялық проблеманы шешеді"

«Әкем сенген жоқ»: Президент қолынан пәтер кілтін алған Жансая Омарова қандай салада ғылыми зерттеу жүргізіп жатқанын айтып берді
Фото: Qaz365.kz

Жаһандық даму кезеңінде энергетикаға сұраныс артқан сайын альтернативті энергия – өзекті тақырыпқа айналды. Бүкіл әлем ғалымдары баламалы энергия көзін табуды қолға алғаны қашан?! Себебі дәстүрлі емес энергиядан ерекшелігі сол, ол сарқылмайды, экологияға да зияны жоқ. Толығымен альтернативті энергияға көшуді мақсат еткен Австралия сияқты, біздің елде де ғылым саласында осы тақырыпты жан-жақты қаузап жүрген нәзік жандылардың бары қуантады. Соның бірі – Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің PhD  докторы, жас ғалым Омарова Жансая Бағдатқызы.

Ол Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылының тумасы. Жалпыға бірдей білім беретін орта мектепте оқығанына қарамастан «Алтын белгісін» ақтап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны үздік тәмамдайды. Ал 2019 жылы «Техникалық физика» білім беру бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторантураға грантқа түсіп, өткен жылы диссертациясын сәтті қорғап шығады. Уақыт деген ең бағалы ресурсын тиімді пайдаланып, студенттік кезіндегі жылдарды саналылықпен өткізген жас ғалымнан өмірлік ұстанымы, мақсаты, ғылыми жобасы жайында Qaz365.kz тілшісі сұрап көрді.

- Жансая, былтыр ғана альтернативті күн энергиясына қатысты тақырыпты қорғап шықтыңыз. Оқырмандарымызға зерттеу жұмысыңыз жайлы кеңінен айтып берсеңіз.

- Жыл өткен сайын альтернативті энергияның даму тенденциялары ғарыш жылдамдығындай артуда. Тіпті бұл салаға әлем елдері қомақты инвестиция салуда. Энергетикалық, экологиялық проблемалар артқандықтан, бұл қалыпты да. Күн энергиясын тікелей электр энергиясына айналдыратын жартылай өткізгіш құрылғы – күн батареялары екенін білесіздер. Электрофизикалық сипаттамасына келсек, бұл нағыз генератор. Зерттеу жұмысымда шикізат ретінде перовскит қолданылады. Яғни Scaps 1D программасы арқылы перовскитті күн элементтерінің оңтайлы құрылымын таңдау арқылы тиімділігін арттыруға болады.

Баламалы энергия – экологиялық проблеманы шешеді

Тек жаһанда емес, елімізде де баламалы қуат көзін өндіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Әлемдік нарыққа сай келетін фотоэнергетика үшін шикізатты алуға заманауи кәсіпорындар қажет. Сол себепті де ешкімге жасырын емес шығар, күн энергиясы тақырыбы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай келеді. Мақсатымыз күн панельдерінің шығарылуын қамтамасыз ету арқылы күн энергиясын пайдаланып, экологияны сақтап қалу. Бірақ бұл тек ғалымдардың ғана айналысатын жұмысы емес. Бұған ел-жұрт боп ұйысып, бірауыздан жұмыла кірісуіміз керек.

- Альтернативті энергия 1830 жылы ашылғанын білеміз. Содан бері күн, отын энергетикасы қарқынды дамуда. Сіздің жобаңыз қандай металоорганикалық күн элементтерінің шегін зерттейді?

- Өте орынды сұрақ. Күн элементтерінің түрі әртүрлі болады. Соның бірі перовскитті күн элементтері. Перовскитті күн элементі катодттан, электрон тасымалдаушы қабаттан, негізгі қабат-перовскиттен, кемтік тасымалдаушы қабаттан және анодтан тұрады. Негізгі қабат-перовскиттің қалыңдығына байланысты тиімділігі де өзгереді. Мен соның ішінде қалайы мен қорғасын негіздегі перовскитті зерттеп, бізге ең оңтайлысын анықтаймын. Қолданбалы ғылыми зерттеулер жұмысы ғана оң нәтиже береді. Бәріңіз білетіндей, таң мен кешкі уақыттарда станция тиімділігі бірнеше есеге төмендейді, салдарынан тәуліктік, маусымдық ритмге тәуелділік артады. Жер бетінде бұл ресурстың жылдан-жылға таусылып жатқанын айтып, әлем ғалымдарының дабыл қаққаны да көп болды. Баламалы энергия көзін дамытуды бүгінде бүкіл жаһан жұртшылығы құлшына қолға алып, еліміз де жас ғалымдарға зор мүмкіндіктер беріп отыр. Осы жағы көңіл қуантады.

- Мемлекетіміздің жас ғалымдарды қолдап, ғылымды дамытамын дегендерге даңғыл жол салып беріп отырғаны рас. Жақында өзіңіз де президенттік бастамалар қорынан пәтер иегері атандыңыз. Құттықтаймыз. Осы қуанышыңызбен бөліссеңіз.

- Рахмет. Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Пәтер алатынымды білген де жоқпын. Өткен жылы жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларына конкурс өткен. Соған қатысқанмын. Республика бойынша 150 үздік оқытушы таңдалыпты. Соның ішінде мен де бармын. Енді, міне өзім қызмет ететін Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінен 2 оқытушы су жаңа пәтердің иесі атандық. Қуанышымда шек жоқ. Бастапқыда өзім де, ата-анам да сенген жоқпыз. Мемлекетіміздің, министрліктің жас ғалымдарды қолдап, ғылым саласының жандануына жасап жатқан еңбектері шаш етектен.

Үкімет жас ғалымдарға зор мүмкіндік беріп отыр

Жас ғалымдар ғылымға үлес қоссын деп, мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Тек адал, сапалы, қажырлы еңбек етсек болғаны. Басында баспанасы жоқ, жалдамалы пәтерде жүрген маған бұл үлкен қуаныш болды. Қарапайым отбасында өскен қызбын. Анам мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Әкем электрик. Үйде 4 ағайындымыз. Мен үйдің үлкенімін. Қазақы отбасыда өскендіктен, үлкенімін деп, жауапкершілікті де ерте жастан алуды үйренгенмін. Әке-шешеміз бауырмалдықты, ауызбіршілікті бойымызға сіңіріп өсірді. Өзім әкеме қатты жақынмын. Әр жетістігіме балаша қуанып, марқайып жүреді. Мен үшін ата-анамның разылығынан артық бақыт жоқ. Ғылым саласында қандай да бір жетістікке жеткен болсам, күні-түні тілеуімді тілеп, дұғаларына қосатын қос қанатымның батасы деп ойлаймын. Мені өсіретін, басыма бақ әкелетін де ата-анамның шашпауымды көтеретін жігерлі сөздері. «Адал жүріп, адал тұр» деген қағидамен өскендіктен, еліміздің әрбір азаматы мен азаматшасы осы принципті берік ұстанса, алмайтын асуы, бағындырмайтын белесі қалмайды деп ойлаймын. Шығар шыңымыз әлі алда. Қолымнан келгенше еңбектеніп, ізденіп жүрмін. Мақсат та, жоспар да көп. Бәрі өз уақытымен бола жатар.

Алмақтың да салмағы бар

- Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылымды дамытуда  «Жас ғалым» жобасына постдокторанттардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыруы да қомақты сомма. Бұл қаншалықты ақталуда?

- Рас, министрлік тарапынан жүзеге асқан жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру бойынша қолдайтын «Жас ғалым» – бірегей жоба. 3 жылға 24 млн теңге қаражат бөлінді. Жыл сайын шамамен 100-ден астам ғалымның жобасы қаржыландырылады. Өзім осы жоба аясында жүйелі жоспар, айқын мақсатпен жұмыс істеп келемін. Алмақтың да салмағы бар. Әрбір жас ғалым өз ісіне, мемлекетіне адал болуы керек деп ойлаймын. Ең алдымен ар-намысының алдындағы адалдық бәрінен биік тұруы керек. Сол кезде үкіметтен алуды ғана ойламайды. Қолға алған жобасын жан-жақты зерттеп, ғылымға расымен жаңалық ашуды, инновациялық шешім әкелуге барын салады. Мәселен, жобама керек арнайы аппараттарды осы бөлінген қаражатқа алып отырмын. Әр тиыны есептеулі. Себебі мендік мақсат – берілген қаражатты ұтымды игеріп, зерттеуімді абыроймен соңына дейін жеткізіп қана қоймай, ғылымға өзгеріс әкелу. Phd дәреже мен стипендия үшін оқуға түсетіндер бар шығар... Жеке басым шетелдік тағылымдамалардан тәжірибелер жинап, білікті шәкірттер тәрбиелеп, еліме адал қызмет етсем деймін...

- Мұратыңызға жетіңіз. Сіздің мақалаңызға Қытай, Германия, Испания, Тайланд, Жапония сынды тағы да ірі 5 мемлекеттің ғалымдары сілтеме жасаған екен. Елімізде  докторлық диссертациясын қорғаудан бұрын «Scopus»-қа материалын шығара алмай жүрген жас ғалымдар жетерлік. Бұл мәселені қалай шештіңіз?

- Өз саласын, қолға алған жобасының зерттеуін жетік білетін маман үшін кедергі жоқ. Ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Мақаламды да ешкімге жаздырмай, көмек сұрамай, жетекшілерімнің бағыт-бағдарымен өзім жазып шықтым. Себебі баламалы энергия – менің оң жамбасыма келетін тақырып. Жылдар бойы күн-түні осы тақырыппен ауырдым десем де болады. Энергия ресурсының шектелмей, оның көзін дамытудың жолдарын іздеумен бас қатырып келемін. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің қайсысын алсаңыз да, осы альтернативті энергияның болашағына сенім артады. Мен де жетекшілеріммен бірге осы тақырыпты жан-жақты зерттеуге күш салудамын.

фото: Qaz365.kz
фото: Qaz365.kz

«Ұстазсыз шәкірт тұл»

Кафедра меңгерушілері, ұстаздарым Нұрлан Серікболұлына, Дархан Есейұлына ерекше алғысымды білдіремін. Шетелдік ғылыми жетекшім – Германиядағы Podstam университетінің Сафа Шоае есімді профессорына да алғысым шексіз. Білікті, тәжірибелі ұстаздарымның арқасында зерттеуімді тереңірек талдауға, ортақ коллаборация жасауға көп инсайттар алдым. Табиғи таза энергия көзінің жолдарын зерттеу жұмысыма Ресей, Индия, Иран, Бангладеш, Тайланд, Польша, Қытай, Испания, Германия ғалымдары сілтеме жасады. Мақалаларым «Molecules», «Crystals» журналдарында басылды. 2023 жылы грант жеңіп алдым. Келер жылы аяқталады. Оған дейін тағы екі мақала жариялағалы отырмын. Зерттеу тақырыбымда қолданылатын Scaps 1D модельдеу бағдарлама пакетін бельгиялық Бульгерман есімді профессор жан-жақты дамытып жатқанынан хабардармын. Почтасына хат жазып, модельдеу бағдарламасына қатысты көмек сұрағанымда, жауапсыз қалдырмай, көмек қолын созғаны үшін ол кісіге де алғысымды білдіремін. Күн элементтерін модельдеуге арналған оның жасаған бағдарламасын бүкіл дүниежүзі ғалымдары қолданады. Бағдарламаны тез меңгеріп, ковид кезінде үйде отырып-ақ, біраз жұмысымды бітіріп алдым. Алда модельдеуді дамытып, өз елімде ғылымның әлемнің озық елдеріндегідей деңгейге жеткім келеді. Лаборатория ашуды көздеп отырмын. Оның да орындалатын кезі алыс емес деп ойлаймын.

- Дегеніңізге жетіңіз. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Жол картасын іске асыру мақсатында Үкімет қаулысының жобасы әзірленді
1984 жылғы түлектер мектептегі күндерін еске түсірген
Бұған дейін министр оқу орнының әлеуетін көтеру басты мақсат екенін айтқан

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →