Шетелдік жазушылар да пікір білдіріп, аталмыш бейнежазбаны бөлісіп жатыр
Оқушылардың армандарын сұрап, жасанды интеллект арқылы олардың 25 жастағы фотоларын дайындаған мұғалімнің видеосына шетелдіктер таң қалып, жарыса пікір жазып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сабақ беру барысында жасанды интеллектіні қолданған мұғалімнің бұл әрекеті көпшілікті таң қалдырған. Тіпті шетелдіктердің өзі қызыға талқылауда. Желіде тараған видеоға қолданушылар жылы пікір қалдырып жатыр.
«Мұғалімнің бұл әрекетінде қаншама мейірім, махаббат, жылулық жатыр! Көзіме жас келді..», «Оқушылар үшін ең керек мотивация екен. Мұны көрген балалар тек мықты азамат болуға тырысады», «Жарайсыз! Мұндайды өз мамандығын және балаларды жақсы көретін жан ғана істейді. Нағыз бала жанын түсінетін психолог әрі жанашыр ұстаз. Көп рақмет!», «Күшті. Осындай мұғалімдер көп болсын!», «Нағыз ұстаз деген осындай болу керек! Бастысы, әр оқушысының жүрегіне үңілетін, олардың арманын білетін ұстаз екен! Мұғалімге респект!», «Қандай әсерлі видео! Менің көзіме жас келді. Қандай тамаша еді! Балалардың жүздері бал-бұл жанып тұр! Мұндай ұмытылмас эмоция сыйлаған ұстазға мың тағзым!» деген желі қолданушылары ыстық лебіздерін арнаған.
Сонымен қатар шетелдік жазушылар да пікір білдіріп, аталмыш бейнежазбаны бөлісіп жатыр.
«Керемет идея! Ертең балалардың бәрі осы мақсатқа жетсем деп армандайды». «Керемет мотивация». «Балалардың көзі жанып тұр. Қараңдаршы. Қандай күшті». «Сынып жетекшісі – нағыз ұстаз екен!» деп жазады желі қолданушылары.
Инстаграм желісінде де бұл видео трендке айналып жатқанын байқаймыз. Дәл осындай игі әдісті өзге мұғалімдер де оқушыларына қолдана бастаған.
Айта кетсек, елордада өткен педагогтердің республикалық тамыз саммитінде білім беру саласын цифрландыру, сабақ процесіне жасанды интеллектіні енгізу көзделіп отырғаны айтылған еді. Ал 2026 жылы мектептегі барлық пәнге жасанды интеллектінің элементтері қосылады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев отандық білім беру жүйесінде жасанды интеллекті енгізудің алғышарттары қалыптасқанын сөз етті. Жасанды интеллект оқушыларға мәтіндерді түсінуге, талдауға және интерпретациялауға көмектеседі, сондай-ақ олардың оқу қабілеттерін арттырып, мотивациясын көтеруге ықпал етеді.