×

Мұғалім қағазбастылықтан қашан арылады?

«Элитарлық білім – ел болашағын жарқын етеді»

Мұғалім қағазбастылықтан қашан арылады?

Бірыңғай стандарттар негізінде құрылған «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында барлық өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда 369 орта білім беру нысанын салу жоспарланған. Бұл 740 мың оқушының екі ауысымда білім алуына мүмкіндік береді. Алайда жыл сайын елімізде мектеп тапшылығынан бөлек, күні бүгінге дейін педагогтердің қағазбастылығы мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Осы және өзге де білім саласындағы өзекті мәселелерді «Elite» мектебінің директоры Дюсегалиева Лаззат Сарсенбайқызынан сұрап көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласына қандай өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?

- Орынды сауал. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырғанын білесіздер. Бұл негізінен үшауысымды оқыту мен апатты мектептерді жою, орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Республикалық бюджеттен, сонымен қатар Ұлттық қордан 2,38 трлн теңге қаражат бөлінді. Ауылдық жерлерде кездесетін ең басты проблемалардың бірі – орын тапшылығы. Аталмыш ұлттық жоба еліміздің түкпір-түкпіріндегі апатты жағдайдағы, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің мәселесін толықтай шешеді. Оқушылардың сапалы білім алуы қашан да қолжетімді болуы керек. Осы мақсатта нақты стратегиямен жүзеге асып жатқан жұмыстардың алдағы жылы жоспар бойынша уақытылы аяқталатынына сенемін.

- Сіз басқарып отырған мектепте қағазбастылық мәселесі қалай реттеледі?

- Ұстаздар үшін жауыр болған тақырып болса да, мұғалім қағазсыз жүре алмайтынын жете түсінгеніміз жөн. Себебі бізде интерактивті технология ғана емес, дедактика да қатар жүреді. Яғни бала оны міндетті түрде көзбен көруі керек. Сол үшін де бұл қағаз күйінде болады. Бейімдеу бағдарламасына сай қарасақ, әр баланың қабылдау, түсіну деңгейі әртүрлі. Бір ғана методика барлығына бірдей жарамайды. Яғни есте сақтау қабілеті жақсы дамыған балалар ұстаздың айтқанын бірден ұғып алса, енді бірі эстетикамен көру арқылы қаперінде сақтайды. Алайда біз мектебімізде еңбек өтілі 20 жылдан асқан мұғалімдерге ТТҚ жазғызбай, электронды форматта қабылдаймыз.

Элитарлық білім – ел болашағын жарқын етеді

- Ұстаздық жолдың 14 жылында басшылық қызметтегі тәжірибелі мамансыз. Білім беру бағдарламаларын қалай жетілдіру керек деп ойлайсыз?

- «Білім беру саласы – тың инновациялық идеяларды қажет ететін, өзіңді үнемі жетілдіретін бірегей жол. Саналы ғұмырымыз білім мен ғылым саласында өтіп жатыр. Балабақшалар мен жеке мектептерде директор болып жүріп түсінгенім, білім беру бағдарламалары бойынша Оқу-ағарту министрлігінің бүгінгі күні қолға алған жобалары өзекті. Оны «Жайлы мектеп», «Білімді ұлт – сапалы білім» ұлттық жобаларынан білуге болады. Еліміздің жастары заман талабына сай біліммен бірге ұлттық құндылықтарымызға негізделген бағдарламаларда айрықша нәтиже көрсететініне сенемін. Себебі өскелең ұрпақтың ертеңі жарқын болсын десек, үйдегі тәрбиеден бөлек, әлеуметтік потенциалы ашылатын жайлы ортасына көбірек ден қойған жөн. Өйткені жақсы мектеп пен жанашыр ұстаз – оқушының іргетасын қалайды. Сондықтан біз осы бағытты ескере отырып, мектебімізде бастауыш сынып балалары үшін бейімдеу бағдарламасы арнайы стратегиялық жоспармен жүзеге асады. Яғни эстетикалық, спорттық және қосымша циклдар бойынша жұмыс істейді. Мәселен, күрделі математикалық шешімдерді табуға көмектесетін ресейлік педагог-әдіскер, педагогика ғылымдарының докторы, бастауыш және мектепке дейінгі білім беру кафедрасының профессоры Л.Петерсонның математиканы оқыту әдісі, ағылшын тілін тереңдетіп оқытудың сингапурлық жүйесі мектебімізде қолжетімді. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекіткен заманауи талаптарға сай келетін бірегей тәсіл. Сонымен қатар балаларымыздың жан-жақты дамып, құндылықтарға қанып өсуі үшін мектебімізде қолөнер, домбыра, музыкалық шеберлігін дамытатын вокал сабақтары да тереңдетіліп оқытылады. Ал ағылшын тіліндегі дәрістерді шетелдік мұғалімдер жүргізеді.

- Жылдан-жылға заманауи мұғалімге сұраныс артуда. Ұжымдағы ұстаздардың еңбек өтілі мен кәсібилігі жайында не айтасыз?

- Мемлекет басшысының жас мамандарды қолдап, ауылға баратын ұстаздар үшін барлық жағдай жасап отырғаны көңіл қуантады. Карантин кезінде онлайн форматта сабақ өту ұстаздарға қиын болса да, мол тәжірибе жинай алды. Оқушылар да соған бейімделді. Сол себепті жаңа нәрсені меңгеруден қорықпауымыз керек. Осы тұрғыда мектебіміздің мұғалімдері жан-жақты өзін дамытқан, жұмысын адал әрі махаббатпен істейтін, балалардың сапалы білім алуларына үлес қосып келеді. Ұжымымызда көпжылдық тәжірибелі мұғалімдермен қатар, жас мамандар да бар. Яғни аталмыш білім ошағында 20, 30, 40 жыл ұстаздық қызметтегі танымал, абыройлы, денсаулығы мықты мұғалімдер жұмыс істейді. Неліктен десеңіз, 3 жыл ішінде жаңа келген жас мамандарды үйретіп, өз тәжірибесімен бөлісуі – басты талаптарымыздың бірі. Тәлімгер ретінде білгендерімен бөлісіп қана қоймай, сабақтарына қатыстырады. Дәл осы мұғалімдердің екі тобы сандық технология заманында туылған балаларға тиімді әдіспен сапалы білім бере алады деп сенеміз.

- Мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Сіздіңше, осы мәселені  қалай шешкен жөн?

- Өте маңызды сұрақ. Біздің ең басты құнды капиталымыз – ұстаздарымыз. Өздеріңіз білесіздер, көпжылдық тәжірибесі бар мұғалімдеріміз аз жалақыға жұмыс істемейді. Себебі балаларға берері, айтары көп. Сол үшін ұстаздардың жағдайын жасау – бірінші міндетіміз. Одан соң «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының идеясына толықтай сай келуіміз үшін кабинеттерді түгел жаңа заманауи компьютерлермен жабдықтап, әр ұстазға интерактивті тақтаны қолжетімді еттік. Яғни жаңа мектебімізде мұғалімнің мәртебесін көтеруге басты ден қойдық. Себебі шәкірттеріміздің жайлылықта сапалы білім алуы өте маңызды. Осы талаптарымызды берік ұстанғанда ғана мектебіміздің беделін  талантты да дарынды оқушылар өздері-ақ көтеретінін білеміз. Әрбір баланың жан-дүниесіне үңіліп, өзіндік тәсілімен ерекшеленген, үздік нәтиже көрсеткен ұстаздарымызды ынталандыру мақсатында жыл соңында шетелге жолдама беру жоспарда бар. Яғни бұл ұстаздардың қарқынды жұмыс істеуіне, өзге әріптестерінен мотивация алуына серпін беретініне сеніміміз мол.

- Қазіргідей ақпараттық технология кезеңінде балаларды кітап оқытуға бейімдеу – күрделі мәселе.  Бұл ретте қандай әдіс тиімді?

- Мұғалім – қастерлі мамандық деп жиі айтамыз. Оның қиындығы да сол, әр балаға жеке әдісіңізбен қызығушылығын оята білуіңіз керек. Баланың кітап оқу дағдысын қалыптастыру үшін тек мектептегі мұғалімдердің қолданатын әдісі жеткіліксіз. Әр ата-ана кемі бір сағатын баласына арнап, диалог құрса, сұрақ қойса, бірге ойнап, кітап оқыса, міндетті түрде ол көргенін қайталайды. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын ояту үшін мектебімізде оқырман уақыты бар. Мұғалімдер белгілі бір кітапты оқушыларға жете түсіндіріп, көрсетіп, ой бөліседі, пікір алмасады. Яғни бір жыл ішінде балалар өз деңгейінде кемі 5-6 кітап оқуы керек. Біз сол бағытта жұмыс істеудеміз. Бұл ретте ата-анасы да кітапсүйер жандар болуы қажет. Ең бастысы, баланы ешқашан күштеп оқытуға, түртпектеуге жол бермеуге тиіспіз. Қысым көрген баланың агрессиясы жақсылыққа апармайды. Мектебімізде оқушыларға «болмайды» деген сөзді мүлде айтпаймыз. Бұл сөздің орнын ойын түрінде жеткізіп, мұғалім белгіленген жоспарымен жеңіл түсіндіруге тырысамыз.

Кітап оқу мәселесінде де дәл солай, біз алдымен жас ұрпақтың арасында ұстаздық кәсіптің насихатталуына да себепші бола білуіміз керек. Себебі балалар әртүрлі. Сәйкесінше құндылықтары сантүрлі отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Бірақ біздің мектебіміздегі ереже бәріне ортақ. Яғни қазақ халқының байсалды да биязылығымен ерекшеленетін мінезін, сабырлы қалпын ескере отырып, балалардың тілін табуға тырысымыз. Себебі  қарапайым адам – көп нәрсеге қол жеткізеді. Оның өзгені мұқият тыңдап, өзгені ести алатын қасиеті небір асуларды алуға жол ашады. Әрбір мектеп болашағынан зор үміт күттіретін Қазақстандағы ең мықты ғалымдар мен дәрігерлер, инженерлер мен өнер саласының майталмандары дәл осы білім ордамыздан түлеп ұшса деп армандайды. Әр қазақтың баласы сапалы білім алуға, заманауи интерьермен жабдықталған жайлы мектепте оқуға құқылы. Балалардың таланттарын ашып, жаңа дағдыларын қалыптастырып, қабілеттерін шыңдайтын – әрине, сапалы білім беретін мектеп. Біз осы қағиданы негізге ала отырып, жүйелі жоспармен жүріп келеміз. Ең бастысы, қазақтың болмысына тән қарапайымдылық пен байсалдылық қасиетін балалардың бойына сіңіріп, ұлтына адал қызмет ететін, еңбекқор да табанды, білімді де білікті ұрпақтың қанатын қатайтып, білмегенін үйрету басты міндеміз деп санаймыз.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды
Кеше, 15:37

Алматыда «Түрксой» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Орталық «Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылып отыр
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 
13 қараша күні Талдықорған қаласы оқушылар сарайында облыстық балалар құрылтайы өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →