Түркістан облысының Өзбекстанмен шекарасында мыңдаған тонна картоп шіріп жатыр. Себебі, Павлодардан Ташкентке жеткізілуге тиіс картопты ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері тексереміз деп, Сарыағаш шекарасында тоқтатқан, деп хабарлайды Qaz365.kz КТК жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Сөйтіп он күн бойы шенеуніктер құжат тексеріп жүргенде, 43 вагонға артылған картоп бұзыла бастапты. Бұл туралы КТК жаңалықтар қызметі жеткізді. Картоп тиеген вагондар Сарығаштың темір жолында тапжылмай он күн тұр. Павлодардан шыққан жүк пойызын фито-санитарлар 19 қаңтар күні тоқтатып, жүктің құжаты мен өнімді тексереміз деген. Бірақ сол күйі ешқайсысы төбе көрсетпеді деген кәсіпкерлер артылған картоптың күйін көру үшін вагонды ашып көрді.
Картоптың суы шығып, іріп-шіріп жатыр. Бұл қайта суы қатып тұр, жылыға шықса бірден шіриді. Бұл енді жарамсыз картоп. Бір вагонның өзінде 68 тонна бар, сол 68 тонна вартоп енді жарамсыз, – дейді кәсіпкер Азамат Серікбаев.
Он күннен бері жауаптылардан хабар күтіп жүргендер енді бұл шіріген тауарды тапсырыс берушілерге «не бетімізбен апарамыз» деп күйінеді. Үсіп, былжырап кеткен картопты кейбірі лақтырып та жатыр. Жалпы 43 вагон картопқа кәсіпкерлер құжатты 15 қаңтарға дейін жасатқан. Ал бұл өнімді елден тыс шығаруға болмайды деген қаулыны ауыл шаруашылығы министрлігі 18 қаңтардан бастап шығарған. Сондықтан тез бұзылатын өнімді шекарада негізсіз ұстап тұрғандар картобымызды жарты бағасына сатуды талап етті дейді.
Әкімдік бізге жарты бағасына сұрап тұр. 100-150 теңгеден сұрайды. Келісін 300-ден алғанбыз. Келем дегенше, ірі картоп 370 теңгеден келген, осы жерге дейінгі шығыны. Олар 150 теңгеден сұрайды Білмейміз, енді не істейтінімізді. Шығынның бәрі мойнымызда. Қазір үш вагоннан 60 миллион шығын шығып тұр. Ол оңай ақша емес қой, – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Орманов.
Осыған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, жүк жөнелтушілер жалпы көлемі 2,7 мың тонна картоп партиясына фитосанитариялық сертификаттарды үшінші елдерге көліктің барлық түрімен әкетуге тыйым салғанға дейін алған. Алайда, «Сарыағаш» станциясында шекарадан өту кезінде жүк жөнелтушілерге бірқатар бұзушылық, оның ішінде картоп құнының айтарлықтай төмендеуіне байланысты сұрақтар туындады.
Құжаттарға сәйкес экспортқа сатылым, картоптың килограммына 40-50 тенгеден белгіленген. Осы себепті вагондар барлық жағдай анықталғанға дейін ұсталды.Құжаттаманы тексергеннен кейін 42 вагон картоп Өзбекстан Республикасының аумағындағы межелі жерге жіберілді. Сондай-ақ, тексеру кезінде кәсіпкерлер тауардың бүліну қаупі төнген жағдайда картопты ішкі нарыққа бәсекелестік бағамен сатуға мүмкіндігі болды.Айта кетейік, барлық 10 жүк жөнелтуші картоптың жай-күйіне қатысты мемлекеттік органдарға шағым түсірмеген, - делінген хабарламада.
АШМ мәліметінше, туындаған жағдайды реттеу үшін ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес 2025 жылғы 18 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрлерімен картопты әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынған.