Бұл туралы желі қолданушыларының бірі жазды
Бүгін Астанада жергілікті таксист Асылбек Қанағатұлы суицид жасамақ болған бойжеткенді өлімнен арашалап қалды. Бұл туралы Nurdaulet Es-agasi есімді желі қолданушысы жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бір адамды өлтірсең, тұтас адамзатты өлтіргенің» деген тәмсіл бар. Сол ойдың жүлгесін керісінше айналдырып «бір адамды өлім аузынан құтқарып қалсаң, тұтас адамзатты құтқарғаның!» деп қолдануға моральдық құқымыз бар деп ойласақ, ендеше мынау фотодағы досым бүгін тура «Адамзатты» өлім аузынан суырып алып отырған азамат. Оның есімі – Асылбек Қанағатұлы. Моңғолиядан елге оралған қандас бауырымыз. Бұл жаңалықты естіп елеусіз қалдыра алмай желіге салып отырмын. Далада жатқан адамның жаны жоқ. Мүмкін өлім аузынан қалған қаракөз қарындасымыздың да су ішері бар - талайына осы азамат тап келіп құтқарып алу жазылған шығар. Айналып келіп, досымды себеп етіп, Құдайдың қиыстырып жасағаны шығар», - дейді Нұрдәулет.
Ол бүгін 19 қарашада Астана қаласында такси болып жүріп, қасында клиенті бар Асылбек Ақбұлақ өзенінің жанында, өзен бойын жағалай қоршаған ернеулі темір қоршауға жабысып асып бара жатқан қыз баласын көреді.
«Газды теуіп басып, көлікпен ұшып келіп жол бойына тоқтап, жүгіріп барып әлгі қызға жабысады. Қыз ары асып үлгеріпті, әзерге қолым ілініп ұстап қалдым дейді. Содан бері тарт, ары тарт деп, жарты сағаттай арпалысып жүріп бері асырып алады. Әлгі ару өзі қалап өлімге басын тігіп барғаннан кейін қарсыласса керек-ті, әзерге шығарып алыпты. Жанындағыларға полицияға хабарласыңдар деп ақырында ол жерге полиция да жетіп жаңағы аруды алып кетіпті. Аптығын басып маған хабарласып тұр. Адамның жанын алып қалу оңай ма? жарықшақтанып шыққан дауысында қуаныш та бар. «Ойбай, бұл жақсы жаңалық екен, тірі қалғаны жақсы болыпты, мен бұны желіге салайын, фотоңды берші» десем, «қайтесің оны, салма, кім болса да жасайтын іс қой!» деп қояды. Қаншама жерден Алланың қалауы, кім болса да жасайтын іс қой дегеннің өзінде де тез шешім қабылдай алатын, тәуекелшіл мінез керек-ақ. Өзім ризамын», - дейді желі қолданушысы.