Нұрымовтың адвокаты орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді
Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттары оның жай-күйі туралы баян етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Олардың сөзінше, Қаржаубай кешегі оқиға кезінде ешкімді жаралаймын деп ойламаған.
«Бүгін сағат төртте Қаржаубайға кіріп шықтым. Ұйықтап жатыр екен. Оның жай-күйін түсінуге болады. Неше күннен бері ұйықтамаған. Біз онымен сөйлестік. Оның қазір не сезініп жатқанын түсінудің өзі қиын. Өзі негізі ұстамды адам. Туған-туыстарына алаңдап, отбасының жай-күйін сұрады. Алда 15 күн бар. Әлі де бірнеше рет барып, жағдайын білетін боламыз», - деді Карина Көшербаева.
Саида Тәуекелованың айтуынша, Қаржаубайдың білегінің тұсы екі жерден сырылған. Қан ақпаған. Қатты зардап шекпеген.
«Ол қолындағы пышағын қыстық күртенің қалтасынан алған. Пышақ қайралмаған да. Полиция департаментінде сөйлескенімізде жай-күйі ауыр болды. Ол полицияда «мен ешкімді жаралаймын деп ойламадым, жаралағым келсе, өзімді жаралайтын едім» деді. Ол жүк көлігінде болғанда біз сөйлескенбіз. Ол тек өз үнін естірткісі келді. Бәрін құқықтық жолмен шешуге болады. Ол психологиялық ахуалы ауыр болды. Оған трагедиялар себеп болғаны белгілі», - дейді Тәуекелова.