Компания өкілдері жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсынғанымен, жұмысшылар онымен келіспеген
"Қазақмыстың" ереуілге шыққан қызметкерлеріне жұмысқа оралмаса жаза қолданылатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақмыстың" ереуілге шыққан қызметкерлері еңбек заңнамасын бұзғанын мәлімдеді. Ведомство оларды жұмысқа қайта оралуға және өз талаптарын белгіленген тәртіппен талқылауға шақырып отыр.
“Заң бойынша, егер қарсылықтар болса, қызметкерлер өз талаптарын жұмыс берушіге жіберуі керек. Егер олар жалпы шешімге келе алмаса, мәселе татуластыру комиссиясының қарауына өтеді. "Бұл тәртіп өндірістік процесті тоқтата тұруды көздемейді. Заңнамада белгіленген тәртіпті сақтамау тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады", – деп ескертіп отыр министрлік.
Еске сала кетейік, 17 желтоқсанда "Оңтүстік Жезқазған" және "Жыланды" кеніштерінің қызметкерлері ереуілге шығып, жалақыларын көтеруді талап етті. Компания өкілдері олармен кездесіп, жалақының 30% мөлшерінде 13-ші жалақыға қосымша ақы төлеу туралы талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.
Сондай ақ оларға 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтерудің екі нұсқасы ұсынылған:
- өндірістік жоспарды орындағаны үшін 8,5% индекстеу, 50 АЕК (2025 жылы 196 мың теңге) мөлшерінде қосымша төрт тоқсандық сыйлықақы;
- 15,6% жалақыны индекстеу.
Бірақ жұмысшылар бұл ұсыныстармен келіспеген. 18 Желтоқсанда олар ереуілге қайта шығып, жұмысын тоқтатқан.