Жер сілкінісі салдарынан 30 мыңнан астам халық далада қалған
Қытайда зілзаладан зардап шеккендер саны артып, із-түссіз жоғалғандар көбейген, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қытайда жер сілкінісінен 126 адам көз жұмды. Жарақат алғандар саны 200-ге жуықтаған.Оқиға орнында тәулік бойы құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қирандылардың астында қалғандар әлі де бар. Аймақта түске дейін 11 рет жер сілкінген. Сарапшылар зілзала қайталануы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Зілзаланың болғаннан бергі уақыт ішінде 407 адам құтқарылған. Олардың дені үйінділердің астында қалған тұрғындар. 30 мыңнан астам халық далада қалған. Олар қауіпсіз жерге эвакуацияланып алғашқы түнді уақытша баспаналарда өткізген.
Төтенше жағдай жарияланып құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Апат орнында 3400 құтқарушы жұмыс істеуде. Олардың қатарында әскерилер, полицейлер, өртсөндірушілер де бар. Қосымша 340 медицина қызметкері тартылды. Сондай-ақ, 150-ден астам құтқару шараларына қажетті техника жұмылдырылды. Оннан астам тікұшақ пен ұшақ тартылған.
Негізгі жұмыстар апат ошағы болған жерде жүріп жатыр. Зардап шеккендерді қауіпсіз жаққа шығарып, жылы жерге орналастыру шаралары аяқталып қалды. Оларға жылжымалы шатырлар тігіліп, ыстық тамақ ұйымдастырылған. Қазір зардап шеккендерді іздеуге күш салынып жатыр.