Ол ағасы мен қарындасын, екі әпкесін пышақтап тастаған
21 жастағы жігіттің ойын ойнатпағаны үшін 4 туысын пышақтап тастаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қазақстан ұлттық арнасының “Aqparat” бағдарламасында айтылған.
Көршілерінің айтуынша, оқиға 18 қаңтар күні таңда қаладағы «Достар» тұрғын үй кешенінің 5 қабатында болған. Көршілері де көз алдында жүрген сыпайы жігіттің мұндай озбырлыққа барғанына сене алмай отыр.
“Мен ұйықтап жатқанмын, әйелім болған оқиғаны, подьезде ары-бері жүгіргендерді, айқайлаған дауыстарды естиді. Мен такси жүргізушісімін, таңғы алтыда машинаны қыздыруға далаға шығамын. Әйелімді жұмысқа апаруға шықсам көлігімнің жанында көп адам мен полиция тұр. Машинаның фарына қан жұғыпты, оны өзім сүртіп тастадым”, – дейді көршісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек оқиғаның мән-жайы мынадай болған: телефонмен ойын ойнап отырған 21 жастағы жігіт бірге тұратын туысқан ағасы мен тәтесі ұйықтайық, ойыныңды доғар деген сөзіне шамданған. Ол туыстарының қалың ұйқыға кеткенін күтіп, алдымен жанында жатқан ағасының 20 жерінен пышақтаған. Одан кейін суық қаруын 19 жастағы қарындасына, артынан 50 және 60 жастағы тәтелеріне жұмсаған. Туыстарының бірі бас сауғалап 7-ші қабатқа келіп тығылған. Көз қанға толған 21 жастағы жігіт артынан қуып келіп тағы бірнеше рет пышақтаған. Жігіт аяусыз пышақтаған 4 туысының 3-еуі аман қалғанымен, ауруханада ауыр халде жатыр. Ал маңайдағы таныстары қылмысқа барған жігіттен мұндай озбырлықты күтпегенін айтады.
“Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша күдіктіге өзінің жақындарының ескерту жасауы себеп болған. Қазіргі уақытта толық анықтау жұмыстары жүргізілуде”, – деді қалалық ПД Алматы ауданы Полиция басқармасының бастығы Диас Тоқатов.
Психологтің пайымдауынша, күдікті мектепте оқып жүргенде қатарластарынан немесе отбасы мүшелерінен буллингке ұшыраған болуы мүмкін. Сондықтан ол достарын виртуалды әлемнен тапқан. Оған қоса туысқандарымен қарым-қатынасы бұрыннан бұзылған болуы мүмкін деп отыр.
Қазір 1964, 1974 жылы туған екі әйел Астанадағы № 1 көпсалалы қалалық ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жалпы жағдайы орташа тұрақты екенін айтып отыр.
«Тексеру нәтижесінде 1964 жылғы әйелдің денесінің әртүрлі бөліктерінде бірнеше жерден кесілген жаралар анықталды. Сонымен қатар сол жақтағы қабырғасы сынған. Ол ауруханаға ауыр жағдайда жатқызылды және операция жасалды, қазір пациент қарқынды терапия бөлмесінде жатыр. Сондай-ақ 1974 жылы туған әйелдің денесі пышақпен әртүрлі жерден кесілген, денесі көгерген, бас жарақатын алған және оң жақ қабырғасы сынған. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Тағы бір жарақат алған 18 жастағы науқас хирургия бөліміне түскен. Дәрігерлердің айтуынша, оның да денсаулық жағдайы орташа тұрақты екен.