Сот шешіміміен ерлі зайыптының бірі қамалып, бірі айыппұл төлеген
Баласының үш саусағын кескені үшін дәрігерлерге күш қолданған ерлі зайыптыға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Көкшетау мамандандырылған соты үкім шығарып, ерлі-зайыптыларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Сотта аурухана қызметкерлері мен полиция инспекторы куәлік еткен. Сотталушылар кінәні мойындаған.
"Сот шешімімен күйеуі мен әйелі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Азаматқа екі тәулікке әкімшілік қамауға алу тағайындалды. Оның жұбайына жас баланың болуын ескере отырып, 30 АЕК (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалды", — делінген Көкшетау сотының шешімінде.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін баласының үш саусағының жарақаттанған ұштары кесілетінін естіген ата-аналары дәрігерлердің шешімімен келіспей ота бөлмесіне кіріп шу шығарғаны туралы жазған болатынбыз. Әйел травматологты қорлап-айқайлап, оның заттарын үстелден шашып жіберген. Оның жұбайы анестезиологты ота бөлмесіне кіргізбей оның киіміне жармасып жұлқылаған.