Министрлік қызметтік тергеу жүргізіп жатыр
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астанадағы лифтіде 5 жасар балаға жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шенеуніктің сөзінше, қазір Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
"Психикалық денсаулық қызметтері сараптама жүргізіп жатыр, бір-екі аптадан кейін барлық материал дайын болады, сол кезде толық ақпарат бере аламыз. Белгілі бір талаптар бар, соның ішінде психикалық жағдайына байланысты мүгедектігі бар балалардың қамқоршыларына қойылатын талаптар да бар. Бұл талаптар олар тұрақты бақылауы керек дегенді білдіреді. Бұл балалар үнемі бақылауда болуы қажет", - деді Ержан Нұрлыбаев.
Вице-министр балаға шабуыл жасаған жасөспірімді емдеген дәрігерлер тарапынан ешқандай қате кетпегеніне сендірді.
"Тағайындалған емнің әсері болды. Бұл баланы ауруханаға жатқызу кезінде бірнеше рет расталды. Қызметтік тергеу аяқталған кезде толық ақпарат беремін. Ол (жасөспірім - еск.) оқшауланбайды. Егер ем нәтижелі болса, оны қоғамға бейімдеу қажет", - деді Ержан Нұрлыбаев.
Шенеунік Астанада болған оқиға мұндай адамдарға деген теріс көзқарас қалыптасуына себеп болмауы керек екенін жеткізді.
Сонымен қатар, жасөспірім бір айға психиатриялық стационарға жатқызылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқас күшейтілген режимде бақыланатыны айтылды.
2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаны тергеу кезінде кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуылбойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Дәрігерлер алғашында оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.