Ол өзін аяусыз ұрған ер адамның әділ жазасын алғанын қалайды
Алматыда 45 жастағы әйелді белгісіз ер адам көшеде темір дубинкамен оңдырмай сабап кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Информбюро-ға сілтеме жасап.
Ауыр соққы салдарынан, Галина Борзованың басы жарылып, қолы сынған. Бірақ, түрлі жарақатыма қарамастан, полициядағылар істі денеге жеңіл жарақат келтіру бабы бойынша ғана қарап жатыр дейді. Галина Борзованы жұмысынан алаңсыз қайтып келе жатқанда белгісіз азамат оңдырмай сабап кетеді. Салдарынан келіншектің қолы сынып, басы жарылған, оң жақ аяғы көгерген. Абырой болғанда, оған жақын маңдағы көлік жөндеу орталығының жігіттері көмекке келген екен. Әйтпесе, ашуға булыққан азамат өлтіруден тайынбады дейді.
“Жұмыстан алаңсыз шығып келе жатқанмын. Артымнан біреу аңдып жүргендей болды, бұрылып қарап едім күртеше киген, бетін тұмшалаған ер адамды көрдім. Мән бермей, үйге қарай асықтым. Бір сәтте басымнан дубинкамен салып қалды. Бұрылып үлгергенімше ұра бастады. Оң жақ бетім қан жоса болды” , – деді жәбірленуші Галина Борозова.
Жәбірленушінің айтуынша, өзін соққыға жыққан ер адам құдағиының азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі екен.
“Есімді жиғанымда құтқарып қалған жігіттер мені ұрған азаматты да ұстаған екен. Бірден кім екенін білгім келді. Қарасам, ескі танысым. Бұл азаматпен бұрын-соңды дау-дамай туындамаған. Тіпті, 4 жылдан бері ара-қатынасымыз үзілген. Ешқандай өкпе-реніш жоқ. Неге олай болғанын түсінбедім”, – деді ол.
Бүгінде аталған жайт бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғапты. Алайда, жәбірленуші тарап бұнымен келіспейді. Олар істің денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша қаралғанын қалайды. 45 жастағы келіншек ту сыртынан шабуыл жасаған “құдасының” әрекетін әлі де түсінбей әлек. Ол өзін аяусыз ұрған ер адамның әділ жазасын алғанын қалайды.