Оның айтуынша, жағдайға қатысты нақты бейнежазбалар жоқ
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Magnum компаниясына қатысты әлеуметтік желілерде тараған жағдайға байланысты пікір білдірді деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, бұл жағдайды саясиландырып, тілдік немесе ұлттық қақтығыс ретінде көрсетудің қажеті жоқ
"Біріншіден, манипуляцияға жол беруге болмайды. Мен бұл мәселені зерттедім, қарадым. Бұл – тек Еңбек кодексі аясында реттелетін дүние. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы. Одан бір саяси, қоғамдық резонанс тудырып, 'қазақ тілі қорланып жатыр' деген әңгіме емес. Бұл – жеке бастың дауы", – деді депутат.
Оның айтуынша, жағдайға қатысты нақты бейнежазбалар жоқ, сондықтан нақты не айтылғанын білу мүмкін емес.
"Сол себептен, менің ойымша, Magnum да, қоғамдағы көп белсенділер де тек манипуляцияға алданып отырған сияқты", – деді ол.
Бейсенбаев бұл жағдайды саясиландыру арқылы көптеген адам жұмысынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
"Magnum – еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Қаншама қазақ жастары сол жерде жұмыс істеп жүр. Бұл – екі қазақтың арасындағы конфликт. Одан дау тудырып, 'қазақ тілі қорланды' деп айту – артық", – деді Мәжіліс депутаты.
Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне де үндеу жасап, тексерілмеген, нақты дерегі жоқ ақпаратты таратпауға шақырды:
"Баяғыда айтатын еді ғой: 'самаурыннан су кетті десе, Самарқандты су алды' деген. Сол әңгіменің пұшпағында кетудің қажеті жоқ. Қою керек ондай нәрсені", – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Парламентте немесе бұқаралық ақпарат құралдарында талқылайтын дүние емес.