Куәгерлер әйелді вагон астынан шығарып үлгергенімен, дәрігерлер келгенге дейін жан тапсырған
Семейде жүк пойызы вагондарының арасынан өтпек болған әйелді пойыз қағып мерт қылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Болған оқиғаның бейнежазбасымен телеграм әлеуметтік желісінде abainewskz арнасы бөлісті.
Оқиға 14 сәуір күні шамамен сағат 16:30-да Семей қаласындағы Дулатов көшесінде орын алды. Сол сәтте жүк пойызы бағдаршамда тоқтап тұрған. Әйел адам пойыз толық өтіп кеткенше күтпей, вагондардың арасымен өтпек болады. Алайда бірнеше секундтан кейін пойыз қозғалып кеткен. Куәгерлер әйелді вагон астынан шығарып үлгергенімен, дәрігерлер келгенге дейін жан тапсырған.
“Абай облыстық полиция департаменті бұл фактіге қатысты қылмыстық кодекстің «Теміржол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу» бабы бойынша іс қозғады”, – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.