×

ШҚО-да 15 жастағы Ресей азаматы 3-күннен бері іздестірілуде

Оны іздестіру жұмыстарына 500-ден астам полиция қызметкері тәулік бойы жұмылдырылған

ШҚО-да 15 жастағы Ресей азаматы 3-күннен бері іздестірілуде
Сурет: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы туысына қонаққа келген Ресей азаматы 15 жастағы Александр Коверзин 9 маусымнан бері із-түссіз жоғалғандардың қатарында іздестіріліп, бүгін табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“15 жастағы Александр Коверзин аман-есен табылып, қазіргі уақытта туыстарына тапсырылды. Жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Жасөспірім – көршілес мемлекеттің азаматы. Оның жоғалғаны туралы хабар түскен бойда, Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жедел түрде ауқымды іздестіру шараларын ұйымдастырды. Қала мен оның айналасын, су қоймаларының жағалауын, қаңырап бос қалған және иесіз ғимараттарды, орман алқаптарын тінту жұмыстарына 500-ден астам полиция қызметкері тәулік бойы жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына тәртіп сақшыларымен қатар, құтқарушылар, әскери қызметшілер, қызметтік иттері бар кинологтар мен дрондар тартылды. Іс барысында азаматтардың белсенділігі де маңызды рөл атқарды: жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік желілердегі бағдар арқылы ұқсас жасөспірімді көргенін айтып, шамамен жүрген орнын көрсеткен. Іздеу жұмыстарының үшінші күні жасөспірімді полиция қызметкерлері Александр Исаев Ермек пен Қуаныш Акемеев қаңырап қалған ғимараттардың бірінен табылды. Жасөспірімнің айтуынша, ол үйінен әдейі шығып кеткен және біраз уақыт жалғыз болғысы келген. Осы уақыт ішінде ол жалғыз өзі иесіз ғимаратта болған. Қуанышка орай, оның денсаулығына зиян келген жоқ. Ол анасына тапсырылды. Полиция ата-аналар мен қамқоршыларды жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына көбірек назар аударуға және олармен сенімді қарым-қатынаста болуға шақырады. Полиция іздестіру жұмыстарына атсалысқан барлық азаматқа үлкен алғыс білдіреді. Қоғамның қолдауы мен барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, баланы отбасына аман-есен қайтару мүмкін болды”, – делінген полиция хабарламасында.

Жасөспіріммен және оның заңды өкілдерімен осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілген.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →