Марқұмның жұбайы жүкті, артында кішкентай үш баласы қалды
Талғарда болған қанды оқиғаға қатысты жәбірленуші тарап әрі адвокат Ұлысмедиаға берген сұқбатында жаңа деректермен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Жаңа дерек
Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, күдікті – 1998 жылғы. Ол бұған дейін автокөлік алаяқтығына қатысты тергелген. Ал жәбірленуші Аружан медбике қызметін атқарады.
– Күдікті автокөліктердің иелерін алдап келген. «Арзанға немесе рассрочкаға сатып аламын» деп сендіріп, кейін оларды қайта сатып отырған. Осы әрекеттерін жүзеге асыру үшін Аружанның Kaspi шотын пайдаланып, тіпті оның атына бір көлікті рәсімдеп, кейін сатып жіберген. Осыдан кейін Аружан қатты қорқа бастаған, – дейді адвокат.
Жәбірленуші Аружанмен бір ай бойы байланысын үзбеген. Қызды қорқытып, «зорлағаны үшін арыз жазып қояды» деп қауіптеніп, тәулік бойы (24/7) қоңырауды қосулы ұстап отырған. Уақыт өте келе қысымға шыдамаған Аружан өзіне қол жұмсамақ болып, дәрі ішкен. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, оның өмірін аман сақтап қалды.
Жәбірленуші полицияға арыз жазғаннан кейін, күдікті мылтық ұрлап, көшеде Аружанның ағасын атып кеткен. Кейін үйіне барып, Аружанды алып кетпек болған. Алайда бұл кезде Аружан көршісіне дәрі егуге кетіпті. Үйде болмаған соң күдікті жәбірленушінің 2 жасар қызын алып кеткен көрінеді.
- Күдікті Аружанның ағасын атып өлтірген. Марқұмның жұбайы жүкті. Артында кішкентай үш баласы қалды. Бұған қоса, күдікті сол үйді де қорқытып, баланы өлтіргеннен кейін қайта кіріп, Аружанның анасына пышақ пен тапанша тіреп: «Жарайды, сізді өлтірмеймін» деп кетіп қалған, – дейді.
Ал полицейлер ізін кесіп жеткенде, күдікті кішкентай баламен бірге көлігімен таудан құлаған. Көліктің сау-тамтығы қалмағанымен, періштесі қаққан болар, бүлдіршін де, күдіктінің өзі де аман қалды.
- Баланы дәрігерлер, гинекологтер толық тексерді. Ол жағынан бәрі жақсы. Көлікпен құлағанда бүлдіршіннің тілі жыртылып кеткен. Шағын ота жасалады, – деді.
Жәбірленушілер қара жамылып, түнімен көз ілмей, «Шерзаттың үйін өртегендей, бізді де өртеп кетпей ме» деп үрейде отыр.
Министрлік пікірі
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша психологиялық қолдау орталығының мамандары оқиға орнына барып, психологиялық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, Алматы облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі де оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Полиция не дейді
Полиция мәліметінше, ер адамды өлтіру және бала ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал туындап, ер адам жәбірленушінің ағасына мылтықтан оқ атқан. Оқ тиген ер адам жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан.