Түркістан облысы, Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында қайғылы жағдай болды. 56 жастағы ер адам 45 жастағы жұбайын балғамен ұрып өлтіріп, артынша әжетханада асылып қалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Таңғы уақытта аулада қансырап жатқан анасын 13 жастағы қызы көрген. Ал әкесінің асылып тұрған денесін ұлы тауып алған. Осылайша бір түнде төрт бала жетім қалды. Балалардың үлкені – 13 жаста, кішісі – 4 жаста. Олардың бірі – ерекше күтімді қажет ететін бала. Қазір балалар уақытша мемлекет қарауында.
Оқиғаны алғашқылардың бірі болып көрген көрші Давлат Арипов:
«Үй баспалдағы қанға боялып жатыр екен. Аулада әйелдің жансыз денесі жатты. Танымай қалдық. Жауыздықпен өлтіргенін көріп, қорқып кеттік», — дейді.
Көрші Гүлзада Абдукаримова да әйелдің жарақаты ауыр болғанын айтады:
«Әйелді тану мүмкін болмады. Балалары қатты шошып қалды. Оларды үйден шығарып әкетуге тура келді», — дейді ол.
Марқұмның ағасы Мырзакерім Мырқадиевтың айтуынша, полиция үй асханасынан қанды балға тапқан. Ал ер адам телефонына аудиоүндеу қалдырып кеткен. Онда ол әйелін «опасыздық жасады» деп айыптап, қызғаныштан қол көтергенін айтқан.
Алайда әйелдің туыстары бұл айыптауларды жоққа шығарады:
«Мұндай дәрежеде өлтіруге бола ма? Қолында дәлел де жоқ еді. Артында шырылдап қалған төрт балаға кім қарайды?» — дейді әпкесі Мұхаббат Мырқадиева.
Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін де қызғаныштың кесірінен бұрынғы әйелін көлігімен қағып, сегіз жылға сотталған.
Түркістан облыстық полиция департаменті деректі растады:
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жанжал кезінде әйеліне ауыр жарақаттар салған, соның салдарынан ол көз жұмды. Кейін ол аудиоүндеу қалдырып, өзіне қол жұмсады», — делінген ресми хабарламада.
15 жылдай отасқан ерлі-зайыптылардың артында төрт бала қалды. Қазір олардың болашағы туыстарының және мемлекет органдарының қарауында.