×

«Қойға да қарайды ғой». Әскерде қайтыс болған егіз сарбаздың туыстары жанайқайын жеткізді

«Қойға да қарайды ғой». Әскерде қайтыс болған егіз сарбаздың туыстары жанайқайын жеткізді
Фото: Еңлік Қалтаева / Instagram

Жамбыл облысы, Мәттібұлақ ауылындағы №01098 әскери бөлімінде қайғылы оқиға тіркелді. Сарбаздың мәйіті асылған күйінде табылып, оның отбасына «өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат берілген. Бұл туралы марқұмның туыстары Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берді. 

Егіздердің арманы үзілді

Қайтыс болған Дінмұхаммед Шынарбек небәрі 19 жаста еді. Ол өткен жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған ағасы Даниялмен бірге Отар гарнизонында қызмет етуді армандаған. Алайда ант қабылдағаннан кейін оны күтпеген жерден №01098 әскери бөліміне ауыстырып, егіздерді екіге бөлген.

Марқұмның әпкесі Енлік Қалтаеваның айтуынша, Дінмұхаммед болашағына үлкен сеніммен қарап, еңбекқор, мейірімді, өмірге құштар жас болған.

 «29 тамызда ғана 19 жасқа толды. Болашағына сенген, арманы көп еді. Бұл жағдайға сене алмай отырмыз. Біз Президентке жүгініп, ініміздің өлімін әділ тергеуді талап етеміз», – деді ол.

Нағашы әпкесінің күдігі

Дінмұхаммедтің нағашы әпкесі де күдігін жасырмайды. Оның айтуынша, сарбаздың денесінде ұрып-соғу іздері болмаған, бірақ жағдайдың нақты себебі күмәнді.

 «Бұл бала өзіне қол жұмсады дегенге сенбеймін. Мүмкін денесін әдейі асып қойған. Әзірге «асфиксия» – тұншығу деп жатыр. Бірақ мұның бәрін әскери прокуратура мен тергеу органдары әділ тексеруі керек», – деді ол Qaz365.kz  тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзінше, бөлім өте алыс, байланыс нашар, сарбаздар ата-аналарымен аптасына бір рет қана сөйлесе алады.

«40 ғана сарбаз бар жерде олардың жағдайын бақылап отыруға болар еді. Бұл – бақылаудың жоқтығы», – деп күйінді ол.

Анасының жанайқайы

Марқұмның анасы жүрегі қан жылап, әділдік іздеп отыр:

«Мен баламды ел қорғауға аман-есен жібердім. Олар бес айдың ішінде менің баламды қорғай алмады. Қырық қойға да қарайды ғой, біреуі жоғалса тауып әкеледі. Ал қырық сарбаздың жағдайын бақылап, аман сақтай алмады. Бұл қалай? Бұл әділеттілік пе?», – деп көз жасын тыя алмады.

Ол ұлының бала кезінен тәртіпті, арманшыл болғанын, болашағын елестетіп жүргенін айтып, егізін елге аман қайтаруды талап етті.

Даниялдың тағдыры

Қазір Даниял Шынарбек Отарда қызметін жалғастыруда. Алайда отбасы оны әскери қызметтен толықтай шығарып алуға бел буған.

«Бүгін алып кетеміз. Бүкіл құжаттарын, әскери билетін өздері береміз деді. Бірақ біз інімді әскерде қалдырмаймыз», – деді әпкесі.

Тергеу жалғасуда

Қазір оқиғаға қатысты ресми тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар экспертиза қорытындысы 20–30 күн ішінде белгілі болатынын айтты. Бірақ марқұмның туыстары істің бұрмаланып кетуінен қауіптенеді.

«Тіпті суицид болса да, ол соған не үшін барды? Бұл жерде де жауапкершілік бар. Әскерде жүрген 40 сарбаздың тағдыры командирлердің мойнында. Біз әділдікті талап етеміз», – дейді отбасы.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Астанадағы KaRima кафесінде болған өрттен сегіз пәтер зардап шекті
Бойжеткен мен оның туыстары тергеудің созылып кеткеніне шағымданды
Алматылық тұрғын Дильбар Тимурова бұрынғы күйеуінің шабуылы жайлы айтып берді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →