Қыз бірнеше ай бойы дәрігерлердің бақылауында болған
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы бала босанды. Ең сорақысы – қыз бірнеше ай бойы дәрігерлердің бақылауында болғанымен, жүктілік анықталмаған. Бұл ақпаратты облыстық білім басқармасы растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Білім басқармасының хабарлауынша, қыз жыл басынан бері үш рет медициналық тексерістен өткен:
– 13–18 наурыз аралығында аудандық ауруханада;
– 28 мамырда жазғы лагерьге жолдама алу кезінде;
– 10 қыркүйекте ата-анасымен бірге дәрігерге барған.
Алайда сол тексерулердің ешқайсысында жүктіліктің белгілері байқалмаған.
Полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, күдікті ретінде қыздың әжесінің күйеуін ұстаған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті сараптама мен процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қызметтік тексеріс бастағанын, бұл үшін арнайы жұмыс комиссиясы құрылғанын мәлімдеді.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қызға психологиялық көмек көрсетілгенін, оның және баланың денсаулығы тұрақты екенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Аймақтағы балалар омбудсмені кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүддесін қорғау бойынша жұмысты үйлестіріп отыр», – делінген министрлік мәлімдемесінде.