Әйел ауруханаға жете алмай, жолда қайтыс болған
Түрікменстанның Лебап уәлаятында президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары кезінде жолдар жабылып, кептелісте қалған жүкті әйел көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азатлык радиосының Түрікмен қызметіне сілтеме жасап.
Ақпарат көздерінің айтуынша, әйел Түрікменабат қаласындағы ауруханаға жете алмай, жолда қайтыс болған.
Медициналық қызметкердің сөзінше, жедел жәрдем көлігіне шығуға рұқсат берілмеген соң, әйелді күйеуі өз көлігімен ауруханаға жеткізбек болған.
– Күйеуі әйелін өз көлігімен алып келе жатқан. Бірақ жолды жауып тұрған қауіпсіздік қызметі көлікті өткізбей қойған. Соның салдарынан әйел дер кезінде медициналық көмек ала алмады және іштегі баласымен бірге көз жұмды, – деді дәрігер.
Қайғылы оқиға 15 қазанда болған. Сол күні Бердімұхамедов Түрікменабаттағы Ниязов атындағы химия зауытында минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан.
Президент сапарына байланысты қалада барлық негізгі көше мен жол жабылған. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көліктері де аурухана аумағынан шыға алмаған.
– Сол күні Түрікменабаттағы барлық дерлік жол жабылды. Қауіпсіздік қызметі біздің ауруханадан жедел жәрдем машиналарын шығармады. Сол себепті тұрғындар шақырған жедел көмек уақытылы жетпеді, – деді «Эне мыхры» орталығының қызметкері.
Полиция дереккөзі әйелдің күйеуі жолда тұрған қауіпсіздік қызметкерлеріне тізерлеп жалынып, көлікті өткізуін өтінгенін, бірақ рұқсат берілмегенін айтты.
– Ол көз жасына ерік беріп, өтінгенімен, полицейлер өткізбеді. “Тар көшелер арқылы өздерің барсаңдар болады” деген. Әйелі жолда жан тапсырды. Ауруханаға жеткенде дәрігерлер оның тым кеш келгенін айтқан, – деді дереккөз.
Оқиғадан кейін қауіпсіздік қызметінің өкілдері әйелдің күйеуімен сөйлесіп, болған жағдай туралы ешкімге айтпауға қатаң ескерту жасаған.
– Қазір қауіпсіздік күштері отбасының үйін күзетіп отыр. Күйеуі президентке шағым түсіріп, әділдік іздеймін деп мәлімдеген. Бірақ оған “балаларыңның болашағын ойла, бұл тақырыпты қозғама” деп қоқан-лоқы көрсетілген, – дейді полиция қызметкері.
Айта кетейік, Түрікменстанда жоғары лауазымды тұлғалардың сапары кезінде жол қозғалысы бірнеше сағатқа тоқтатылып, тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Бұл жағдайлар азаматтардың, әсіресе медициналық көмекке мұқтаж адамдардың, өміріне айтарлықтай қиындық тудырып келеді.