×

«Тойда жүрген Хаменова»: ІІМ не дейді

«Тойда жүрген Хаменова»: ІІМ не дейді
Видеодан кадр

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (КУИС) әлеуметтік желіде тараған Бақытгүл Хаменованың Атыраудағы тойда бой көрсеткен видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Бақытгүл Хаменова шартты түрде сотталған және қазіргі уақытта пробация қызметінің бақылауында.

«Атырау қалалық №2 сотының заңды күшіне енген үкімімен Бақытгүл Хаменова жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Алайда оның кәмелет жасына толмаған баласы болғандықтан, сот Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жаза өтеуді үш жыл мерзімге, бірақ бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырды», – делінген ҚАЖК хабарламасында.

Комитет Хаменоваға бірқатар заңды шектеу қойылғанын атап өтті:

  • ел аумағынан шықпау;
  • тұрғылықты мекенжайды пробация қызметіне хабарламай өзгертпеу;
  • пробация қызметінде кемінде тоқсанына бір рет белгілену;
  • уәкілетті қызметкерлердің шақыруына келу;
  • баланың өмір сүру жағдайына тексеріс жүргізуге мүмкіндік беру.

Сонымен қатар ҚАЖК мәлімдеуінше, сот үкімінде Хаменованың мәдени немесе қоғамдық іс-шараларға қатысуына тыйым салынбаған, сондықтан оның тойға қатысуы заң бұзушылық болып саналмайды.

«Белгіленген талаптардың орындалуына бақылау заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды ведомство.

Еске салайық, 2022 жылғы 15 қарашада Атырау облысының экс-әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда кішкентай баласының болуына байланысты сот жазаны өтеуді үш жылға кейінге қалдырған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →