Жасөспірім көлікке ие бола алмай, ағашқа соғылған
 
                    Ақтөбеде әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен сегізінші сынып оқушысы жол апатына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz Kursiv Media-ға сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған. Жасөспірім көлікке ие бола алмай, ағашқа соғылған. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Бұл – соңғы екі айда осы ауданда тіркелген екінші ұқсас оқиға. Бұған дейін, 2 қыркүйекте Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз Mitsubishi Carisma көлігін тізгіндеп, жол апатынан көз жұмған болатын.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 1632 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі мыңнан астам адам жарақат алған. 99 адам қайтыс болған.
Еске салайық, бұған дейін облыс аумағындағы Самара–Шымкент тас жолында шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 12 адам көз жұмып, тағы алтауы ауруханаға жеткізілген еді.