Қонаев қаласында тұрғын үйлер мен бірқатар нысанның шатырлары зақымдануына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл жөнінде қала әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні секундына 25 метрден асқан қатты жел соғып, бірнеше тұрғын үй мен ғимараттың шатырын жұлып кеткен. Сонымен қатар көшелердегі жарықтандыру тіректері жарамсыз күйге түскен.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сай, атап айтқанда «Азаматтық қорғау туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар негізінде Қонаев қаласының әкімі табиғи сипаттағы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылдаған.
17 желтоқсаннан бастап қала аумағында төтенше жағдай режимі ресми түрде қолданысқа енгізілді. Әкімдік мәліметінше, зақымданған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары төтенше резерв қаражаты есебінен жүргізіледі.
Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қалада электр, су және жылумен жабдықтау жүйелері қалыпты тәртіпте жұмыс істеп тұр.