×

«Әкімнен жүкті болып, түсік жасатқан»: Қарағандыда «зорлады» деп айыпталған шенеуніктің жазасы ауысты

Шет ауданы Ақшатау кентінің әкімі қазір қамауда отыр

«Әкімнен жүкті болып, түсік жасатқан»: Қарағандыда «зорлады» деп айыпталған шенеуніктің жазасы ауысты
Фото: Instagram / Нұрлан Сейілбеков, «Патриот»

Қарағанды облысының прокуратурасы Шет ауданы Ақшатау кентінің әкімі Нұрлан Сейілбековке қатысты зорлауға оқталу бабы бойынша тағылған айыптан бас тартып, істі денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру ретінде қайта саралады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Өңірдегі «Патриот» ақпарат агенттігінің деректеріне қарасақ, қазір Нұрлан Сейілбеков қамауда отыр. Оны Шет аудандық сотының отырыстарына арнайы көлікпен жеткізіп жатыр. Бұған дейін прокуратура шамамен алты ай бойы 23 жастағы әкімдікте жұмыс істеген қызды зорламақ болды деген айыпты қолдап келген. Сот процесі аяқталуға таяғанда ғана айыптау бабы өзгертілді.

Шет ауданы прокурорының міндетін атқарушы Құрмет Жанабергенов қадағалау органы айыпты жеңілдету жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Осылайша, «зорлауға оқталу» бабы алынып, Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша айып тағылды.

 

Жәбірленуші тарап не дейді?

Ал жәбірленуші қыздың ата-анасы мұндай шешімді білгенде жағаларын ұстаған. Олар оқиғаға қатысты жаңа мән-жайлардың анықталмағанын, жазаны басқа бапқа ауыстуға ешқандай себеп жоқ екенін айтты.

«Сараптама қызымызға әкімнің келтірген жарақаттары орташа ауыр дәрежеде екенін анық көрсетіп тұрса, жеңіл жарақат жайлы тіпті қалай сөз қозғайды? Кешенді сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптамада қызымызда психикасы бұзылып, бейімделуде қиналатынын анықталған. Сарапшылар бұл диагноздың 2025 жылғы 3 мамырда болған оқиғамен тікелей байланысты екенін көрсетті. Сарапшылар денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтіру деп бағалап, 3 аптадан асатын уақыт бойы қалпына келе алмайтынын айтқан», — дейді ата-анасы.

 

Фото: «Патриот» / Бейнеден кадр

Жәбірленушінің әкесі Асыл Рахымжанов Бас прокуратурадан аудандық прокуратураның әрекетіне назар аударуын сұрайды. Жәбірленуші қыздың сөзінше, әкім қызметтік тұрғын үйге ішіп келіп қызды түнде зорлаған. Ал таңертең ешкімге айтпауын өтініп, кешірім сұраған. Бірнеше айдан кейін қыз өзінің аяғы ауыр екенін білген. Күйзелістен жаралары ашылып кеткен соң, қыз түсік жасауға мәжбүр болған.

«Егер істе ештеңе өзгермесе, Шет ауданының прокуратурасына не әсер етуі мүмкін? Мен құзырлы органдардың осы істі назарына алып, қадағалауын сұраймын. Қызым физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да ауыр соққы алды. Бұл істі аудандық прокуратураның өз еркіне қалдыруға болмайды. Мен олардың кәсіби біліктілігіне күмән келтіремін», — деді ол.

Әкім не дейді?

Әкім зорлады деген айыпты толығымен жоққа шығарады. Құзырлы органдар бұл оқиғаны дәлелдей алмады. Әкім мен қыз оқиғаны екі түрлі сипаттайды. Әкімнің сөзінше, қыз бұған дейін әкімнен жүкті болып артынша түсік жасатқан. Қыз әкімнен осы оқиғаны өз аяғымен барып ата-анасына айтуын талап еткен. Алайда әкім үзілді-кесілді бас тартып, қызды ұрған. Айта кетейік, әкім отбасы бар, үйлі-баранды азамат.

Фото: «Патриот» / Бейнеден кадр

Прокуратура не дейді?

Прокуратура нұсқасына сәйкес, 2025 жылғы 3 мамыр күні таңертең әкім мен оның қарамағындағы қызметкер арасында қызметтік тұрғын үйде жанжал болған.

Сотта прокурор жәбірленушінің әкімнен Қарағандыға бірге баруды талап еткенін, сондай-ақ ата-анасына өзінен жүкті болып, кейін түсік жасатқанын айтуды сұрағанын мәлімдеді. Әкім бұл талаптан бас тартқан. Прокурордың айтуынша, дәл осы жағдай жанжалға ұласқан, соның салдарынан қыздың денесінде соққы іздері қалған. 

Фото: «Патриот» / Бейнеден кадр

«Ақшатау кентінің әкімі Сейілбеков Н.Т. өз әрекетінің заңға қайшы екенін біле тұра, оның қоғамға қауіпті салдарын алдын ала сезіне отырып, жәбірленуші Рахымжанова А.А.-ның талабын күшпен басу мақсатында, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру ниетімен үйдің дәлізінде оның сол жақ бетіне алақанымен үш рет соққы жасаған. Бұдан бөлек, оң қолымен мұрнынан ұрған. Бұл қан кетуіне себеп болған. Кейін қызды жұлқылап, қашып кетпеу үшін күштеп ұстап тұрған, айқайламауын талап еткен. Осы әрекеттер салдарынан жәбірленуші иық, білек, саусақ, тізе және мойын тұсынан дене жарақатын алған», — деді Шет ауданы прокурорының міндетін атқарушы Құрмет Жаңабергенов.

Жәбірленушінің ата-анасы прокуратураның айыптаудан бас тартуын ауыр қабылдап отыр.

«Біз — ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған зейнеткерлерміз. Бұл салада 25 жылдан астам еңбек еттік. Сондықтан заң мен әділдіктің қалай жұмыс істеуі керектігін жақсы білеміз. Ал қазір қадағалау органы өзі ауыр айыптан бас тартып отырғаны жанымызға батады. Не өзгерді? Прокуратураға кім немесе не ықпал етті? Қызымыз Айтолқын Бөкетов атындағы университетті «қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Өз күшімен оқуға түсіп, грантта білім алды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа барған еді. Ал оның тағдыры осылайша тас-талқан болды», — дейді олар.

Қазіргі уақытта сот істі қарап жатыр. Түбегейлі сот үкімі әлі шыққан жоқ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →