×

«Ақшаға құныққан»: Түркістандағы жарылыстан қаза болған қыздың туыстары кінәлілерді жазалауды талап етеді

«Ақшаға құныққан»: Түркістандағы жарылыстан қаза болған қыздың туыстары кінәлілерді жазалауды талап етеді
Коллаж: Qaz365.kz

Жаңа жыл түнінде Түркістан облысы Кентау қаласындағы қымызханада болған жарылыстан 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Оның туыстары кінәлілерді жазалауды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Марқұмның туыстарының айтуынша, түнгі сағат он екі шамасында олар қызды жұмыстан алып кету үшін келген. Алайда нысанда жұмыс қарқыны қызу жүріп жатқанын алға тартқан басшылық кассада тұрған бойжеткенді үйіне қайтармаған. Марқұмның туысы техникалық қауіпсіздікті сақтамаған иесіне назалы. Марқұмның туысы басшыға бірнеше адамның газдың иісі шығып тұрғанын ескерткенін айтты. 

«Мамасы мен сіңлісі тамақ жеткізгенде газдың шығып тұрғанын ескерткен. Мына жерде газдың иісі шығып тұр деп айтқан. Одан кейін сол жерде бірнеше адам тағы да ескерткен. Газдың иісі қатты шығып тұр деп. Тек ақшаға құнығып кеткен. Сол иесінің техникалық қауіпсіздікті сақтамауының кесірінен осындай қайғыға ұшырап отырмыз отбасымызбен», — деді Гүлжамал Сержанова.

Марқұмның жақындары кінәлілердің қатаң жазаланғанын қалайды. Үйінің тұңғышы Дана Сағынғалиқызы бұл жұмысқа бір ай бұрын ғана орналасқан екен. Туыстары қызды тану үшін мәйітханаға барған. Алайда денесін жерлеуге берген кезде мүлде оның түрін көрсетпеген, себебі марқұмды тану мүмкін болмаған. Марқұмның туысы оқиға жайлы айтып, қатты күйініп сөйледі:

«Алдын алу керек еді. Осы жағдайдан кейін ғана облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметі тексеріс жүргізіп жатыр. Бәрі сыбайласқан ба?! Неге бұған дейін жұмыс істемеген? Бұл бізді күйіндіріп отыр. Міндетті түрде адам өлу керек пе сонда? Біз кешіре алмаймыз. Тиісті адамдар тиісті жазасын алуы қажет», — деді Жандос Айтмұрзаев. 

Жарылыс салдарынан толықтай жойылған қоғамдық тамақтану нысанының аумағы қазіргі уақытта темір қоршаумен қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес оқшауланған. Өрт салдарынан зақымданған ғимарат бөліктері де тұмшаланып, сырт көзден жасырылған. 

Оқиға кезінде күйік шалған тағы төрт азамат медициналық мекемеге жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. 

«Терезелері сынған. Барлығының жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішінара жабындымен қаптаған жерлерін бәрін істеп жатырмыз. Газ баллон жарылған. Қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып тұр. Іс қозғалды», – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы.

Еске сала кетсек, бұған дейін депутат Нартай Аралбайұлы Оралдағы көпбалалы аналар мен тұрғындардың жағдайын көрсеткен еді. «Баспана» деуге келмейтін ескі ғимараттағы тұрғындар жайлы мына материалдан оқыңыз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →