×

Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан қаза тапты

Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан қаза тапты
ашық дереккөзден

Шымкент қаласында тағы бір әйелдің өлімі тіркелді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті мен жәбірленуші арасында жанжал шыққан. Жанжал кезінде күдікті әйелге пышақпен жарақат салған. Әйел алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға жайлы полицияға куә болған адамдар хабар берген. Ақпарат түскен соң тәртіп сақшылары дереу іздестіру жұмыстарын бастап, күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді.

Күдіктіні ұстау кезінде ол қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңға сәйкес қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған.

Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта полиция бақылауында отыр.

Қазір Шымкент қалалық полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Соңғы айда Шымкент қаласында қоғамда үлкен резонанс тудырған бірнеше ауыр қылмыс болды. 11 қаңтар күні қалада студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Бейнебақылау жазбаларынан қыздың қашып құтылуға әрекет жасағаны, алайда оны ер адамның қуып жетіп, бірнеше рет пышақтағаны байқалады. Нұрай алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті екі тәуліктен кейін қолға түскен.

Марқұмның жақындары бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болғанын айтып отыр. Алайда полицияға түскен арыздар тиісті нәтиже бермеген.

Қоғам назарын аудартқан тағы бір оқиға 20 қаңтарда орын алды. Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасы жаппай төбелеске ұласып кеткен. Қақтығыс кезінде қатысушылардың бірін күштеп қала сыртына алып кетіп, кейін оның мәйіті Темірлан елді мекенінен табылды. Ал тағы бір ер адам пышақ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылған. Бұл іс бойынша да күдіктілер ұсталған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →