Желіде Нұрай Серікбайды алып қашып келген сәт пен тергеуші түсірген бейнежазба тарап кеткен болатын
Сұлтан Серікбай тергеуші жариялаған алып қашу сәті мен ішкі істер бөлімшесінде түсірілген Нұрайдың видеосына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2026 жылдың қаңтарында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Оқиға елде үлкен резонанс тудырды. Бірнеше полиция қызметкері, оның ішінде тергеушілер, қыздың қауіпсіздігіне салғырт қарағаны үшін қызметтен босатылды. Жұмыстан қуылған Әбілғазы Артықбай өзінің алып қашу сәт мен ішкі істер бөлімшесінде түсірілген бейнежазбаны жалпақ жұртқа көрсетіп, өз қызметін адал атқарғанын, ешқандай мәжбүрлеуді сол сәтте байқамағанын айтқан еді. Ол 2018 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқанын айтып, жұмыстан шығарып, үстінен салғырттық бойынша іс қозғауды әділетсіздік деп атады.
Ол көрсеткен бейнежазбаларға қатысты Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай сөз сөйледі.
«Алып қашқан кезде қара көлікпен шыққан болатын. Үстінде үй киімі болған. Бұл видеода басқа маркалы ақ түсті көлік және киімі басқаша. Ол жерде Нұрай бір өзі болған. Жанындағы 50 адам сырт жақтың адамы. Күліп тұрған Нұрай да емес. Алдында отырған басқа бір кісі. Ең соңында Нұрай қасыласқан сияқты орамалын шешпек болған. Нұрайдың қаламағаны көрініп тұр. Бұл жерде 50 адамның қысымы және Нұрайдың үлкендерге деген сыйластығы, жуастығы, шаршаңқы күйі әсер етті деп ойлаймын», — деді Сұлтан Серікбай.
Бұл бейнежазбаны біраз уақыттан соң өшіріп, видеоларды қайта салды. Онда Сұлтан Серікбай былай деді:
«Мен алдыңғы интервьюларда бұл видео жайлы мен айтып өткен болатынмын. Алып қашқан видеосы және осы тергеушінің түсірген видеосы. Мұны енді, шынын айтсақ, Нұрайды бір бұрышқа тұрғызып қойып, қорқытып видеоға түсіргені біздің жүрегімізге ауыр тиді. Бұл бойынша жауапкершілікке тартылады. Өйткені бұл тергеу материалдары. Ал тергеу материалдарын әлеуметтік желіге салуға болмайды. Әйтпесе, бізде ондай материалдар өте көп. Бұл тергеу процесіне әсер етеді. Біз толықтай тергеуге сенеміз. Соттың әділ өтетініне сенеміз. Бар күшімізді саламыз. Бұл жерде барынша моральдық жағынан, суық санамен қарауларыңызды сұраймыз», — деді Сұлтан Серікбай.
Екінші видеоға қатысты ол былай деді:
«Тергеушінің түсірген екінші видеосына келсек, Нұрайдың барынша шаршаңқы, физикалық түрде өзінің деңгейінде емес, сол үшін барынша қысым көрсетіп, манипуляциямен видеоға түсіргізген болатын. Нұрайдан басқа ол бөлмеде бірнеше ер кісі болған. Бізді кіргізбеген. Сол үшін барынша басынған», — деді марқұмның ағасы.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбай ісіне қатысты өз пікірін айтқан еді.