×

Алматыда жекеменшік мектеп оқушысы өзіне қол жұмсауға әрекет жасады: іс қозғалды

Алматыда жекеменшік мектеп оқушысы өзіне қол жұмсауға әрекет жасады: іс қозғалды
depositphotos

Алматы қаласындағы жекеменшік QSI мектебінде оқитын жасөспірім өзіне қол жұмсауға талпынған. Баланың әкесінің айтуынша, оқу орнында ұзақ уақыт бойы буллингке байланысты мәселелер назардан тыс қалған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы оқушының әкесі, кәсіпкер Қанат Әміркин мәлімдеді. Оның сөзінше, қызы шамамен бір жыл бойы сыныптастары тарапынан қысым көрген. Әкесі мектеп әкімшілігіне бірнеше мәрте шағымданғанымен, нақты шаралар қабылданбағанын айтады. Қайғылы жағдай болған күні бала мектепке барудан қатты қорыққан.

Қазіргі уақытта оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Қанат Әміркин бұл оқиғаның Алматыдағы америкалық жекеменшік QSI мектебінде болғанын нақтылады. Оның айтуынша, аталған мектептегі жылдық оқу ақысы шамамен 25 мың АҚШ долларын құрайды.

Аталған жағдайды Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тексеріп жатыр. Ведомство мәліметінше, оқиға орнына психологиялық қолдау орталығының мобильді тобы мен білім басқармасының өкілдері жіберілген. Балаға жеке психологиялық көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар мектеп басшылығына педагогтермен профилактикалық жұмыс жүргізу, балалар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың ерте белгілерін анықтау және осындай оқиғалардың алдын алу жөнінде ұсыныстар берілген. Бұл іс уәкілетті органдардың бақылауында.

Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →