Референдум 15 наурызда өтеді
Елордада Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Жиында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірлердің алдағы референдумға дайындығын нақтылап, жауапты тұлғалардан есеп алды. Аймақ әкімдіктерінің аппарат қызметкерлері жиынға онлайн форматта қосылды. Отырыс барысында төраға комиссия мүшелерінің денсаулығына да тоқталып, референдум кезінде ауыруға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нұрлан Әбдіров кейбір қатысушылардың медициналық маска таққанын байқап, ескерту жасады.
«Мына жерде комиссия мүшелерінің екеуі медициналық маска тағып алыпты. Денсаулықты қараңыздар, ауыруға болмайды. Алматы сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Халықова, сізге айтып отырмын. Біз уақыт жақындаған кезде бас дәрігерді инфекция және тағы басқа сұрақтарға байланысты арнайы тыңдаймыз. Қазір кездесулеріңіз бар, ауыруға уақыт жоқ», – деді Нұрлан Әбдіров.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алматы қаласында референдумға қатысуға құқығы бар 1 млн 311 мың азамат бар. Қаладағы кәмелет жасына толған студенттер саны – 232 801. Алайда олардың тек 85 мыңы ғана дауыс берушілер тізіміне енгізілген. Қалған студенттер өзге өңірлерден немесе шетелден келгендіктен, тіркеу орны бойынша есепке алынған.
Айта кетейік, еліміздің түпкір-түпкіріндегі өңірлерде референдумға байланысты қарбалас жұмыстар жүргізіліп жатыр. Референдумға қатысуға шақырған белсенділер мен әртістер де бар.