×

Алматыда суррогат ана шаранадан бас тартқан шетелдіктерден 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр

Алматыда суррогат ана шаранадан бас тартқан шетелдіктерден 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр
видеодан кадр/ КТК

Алматы қаласының 27 жастағы тұрғыны Кристина Гаврилюк Қытайдан келген ерлі-зайыптылар үшін бала көтеріп, ақырында уәде етілген 7,5 миллион теңгесін ала алмай қалды. Жүктілік кезінде асқынулар болып, нәресте мерзімінен бұрын, яғни жеті айлығында дүниеге келген. Осыдан кейін биологиялық ата-аналар байланысқа шығуды тоқтатып, баланы алудан бас тартқан, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Кристинаның айтуынша, бұл оның суррогат ана ретіндегі үшінші тәжірибесі. Бұған дейінгі екі келісім сәтті аяқталған. Алайда бұл жолы тапсырыс берушілер ДНҚ тесті арқылы туыстық байланыс расталса да, баланы қабылдамаған. Кристина Гаврилюк өзінің сатушы болып жұмыс істейтінін және 6 жасар қызын жалғыз тәрбиелеп отырғанын айтып, бөтен баланы асырауға ниеті жоқ екенін ашық мәлімдеді.

«Мен бұл балаға ешқандай сезім білдірмеймін, тек аяныш қана бар. Маған ол керек емес, өйткені ол менің балам емес. Мені тек олардың алдап кеткені ғана мазалайды», — дейді Кристина Гаврилюк.

Қазіргі уақытта нәресте мемлекет қамқорлығына алынып, «Бөбек үйіне» өткізілді. Полиция бұл істе қылмыстық құрам жоқ екенін айтып, мәселені азаматтық-құқықтық тәртіпте сот арқылы шешуге кеңес берді. Құқық қорғаушылар келіншекке Қытай елшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне жүгінуді ұсынып отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →