Алматыда «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев ұсталды. Михаил Козачковтың дерегінше, оған «Бұзақылық» бабы бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz..
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға 17 наурыз күні кешке «Достық Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының маңында болған. Полицияның хабарлауынша, екі адам мас күйінде ойын-сауық орнынан шыққаннан кейін өзара сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Тәртіп сақшылары жанжалға қатысушыларды, соның ішінде Әсет Матаевты да ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Қазіргі уақытта ол уақытша қамау изоляторына орналастырылды.
«ҚазТАГ» редакциясы бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, Әсет Матаевтың зардап шеккенін атап өтті. Редакция өкілдері әзірге болған жағдай туралы толық ақпараттың жоқтығын, құқық қорғау органдары мен адвокаттардан нақты түсініктеме күтетіндерін жеткізді. Агенттік ұжымы тергеудің объективті жүргізілетініне сенім білдіріп, жұртшылықты барлық мән-жай анықталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.