Жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтындығы жайлы жан-жақты ескертілген
Түркістан облысының әкімі 11 адамынан айырылған әулетке көңіл айтып барды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Дархан Сатыбалды Сырдария өзенінде болған оқыс оқиғадан қара жамылған әулеттің ата-аналарына, ет жақындарына көңіл айтты.
«Қайғыларына ортақтасып, құранға қатысты. Тиісті көмек көрсетіп, қажеттілігінше қолдау ұйымдастыру жүргізілетіндігін жеткізді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Түркістан облысы, Отырар ауданында бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері дарияға демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Бүгінде суған батқан 11 адамның 9-ы табылып, жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды.
«Оқыс оқиғаға орай Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, құтқарушылар, аудан әкімдігі мен орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кірісті. Мәселе облыс басшысы Дархан Сатыбалдының ікелей бақылауына алынып, тиісті үйлестіру жұмыстарын жүргізді. Облыс әкімінің екі орынбасары аталған жерде болып, тиісті көмекті ұйымдастырылды. Іздестіру шараларына жалпы 150 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Әкімдік құтқарушылар мен еріктілер тұрғындарға жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтындығы жайлы жан-жақты ескертулер жүргізгенін айтып отыр.
«Мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда рұқсат етілмеген орында шомылудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары осындай жағдайға ұласты», - делінген хабарламада.