Ұл баланы қағып өлтірген әйел уақытша ұстау изоляторына қамалмаған
Жетісу облысында ауыл әкімі ұл баланы қағып өлтірді. Қоғам белсендісі Сандуғаш Дүйсенованың сөзінше, Кербұлақ ауданына қарасты Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова рулде болған. Оқиға орнына келген ПД қызметкерлері 12 жастағы оқушыны көлікпен қағып кеткен әйелге қатысты хаттама толтырған, көлік айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qazaq.today-ге сілтеме жасап
«Оның өліміне әкім Бақтиярова Әлия Маратқызы кінәлі. Ол Ескелді ауданы Биғаш ауылының маңында 2 қараша күні кешке баланы көлікпен қағып кеткен. Салдарынан 9-сыныпта оқитын Асыл Тұрсынбай апат орнында қайтыс болды. Көлікті Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова тізгіндеген», – деді белгілі журналист, қоғам белсендісі Сандуғаш Дүйсенова.
Ал апат орнына келген полиция департаментінің қызметкерлері оқушының 12 жаста екенін анықтаған. Көлік айыппұл тұрағына қойылған. Он екі жасар оқушыны қағып өлтірген әйел уақытша ұстау изоляторына қамалмаған. Мезгілсіз қайтыс болған оқушы демалыс күні жер қойнына тапсырылды.
«12 жастағы жасөспірім Hyundai Greta көлігінің дөңгелегіне түсіп қайтыс болды. Машинаны 39 жастағы әйел басқарғаны анықталды. Аталған оқиға бойынша сараптама тағайындалып, ҚР ҚК 345-бабы бойынша соталды тергеу басталды. Шетел көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты орын алған жол апаты облыстық полиция басқармасының өндірісіне алынды», – деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, Әлия Бақтиярова 2014 жылдан бастап лауазымды қызметке тағайындалған. Ол Көксу ауылдық округін 2018 жылдан бері басқарып келеді.