Салтанаттың сүйегі Павлодардың іргесіндегі Атамекен ауылында жерленді
Екі күн бұрын бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бүгін қарашаның 11-і қайтыс болған Салтанат Нүкеновамен Павлодарда қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Салтанаттың сүйегі Павлодардың іргесіндегі Атамекен ауылында жерленді.
Марқұмды құрбы-құрдастары Марина, Индира естеліктерімен бөлісті.
«Ол керемет құрбы болған еді. Қаншама адам жиналғанын көріп тұрсыздар. Бұл Салтанаттың керемет адам болғанының дәлелі. Біз оның достарымыз, мектепте бірге оқыдық. Астанадан келдік»,– дейді бойжеткендер.
Марқұмның құрбыларының айтуынша, Салтанат пен Қуандық Instagram арқылы танысқан. Олар бірнеше ай кездесіп, көп созбай үйленіп алған.
«Салтанатты Instagram-нан байқап, сырттай ғашық болған. Ақыры тапты, өзіне қызықтырды, алайда Салтанат басында кездескісі келмеді. Ол айналшықтай берді, сүйіспеншілікке ие болды. Әйтеуір, Салтанатты қатты жақсы көретін сияқты көрінді... Салтанат балалы болғысы келді, бірақ бұйырмады. Жүкті болсам, тынышталып, өзгеретін шығар деп ойлады. Керісінше, жағдай бұдан да қиын болатынын айттық», – деді Салтанат Нүкенованың құрбылары.
Бишімбаев пен Нүкенова некелерін Астанада заңдастырған. Марқұмның құрбыларының сөзіне сенсек, олар көп ұзамай әйелдің отбасында мәселелер туындап жатқанын сезе бастаған.
«Алғашында ол мұны барлығынан жасырып келген. Тек жай ұрысып қалдық дейтін, біраз дүниені бұғып қалатын. Біз Салтанатты ол өте жақсы көреді деген пікірде болдық. Бірақ қол жеткізгеннен кейін тәтті шақтары аяқталып, оны соққыға жыға бастаған. Салтанат оны талай рет кешіріп, оған орала берген болатын», – дейді құрбысы Марина.
Олардың айтуынша, Салтанат Нүкенова тәулігіне 24 сағат Қуандық Бишімбаевпен бірге болған. Сонымен қатар бойжеткендер экс-министрдің әйелі ешқашан оның көзіне шөп салмағанын айтып, желіде тараған қауесетті жоққа шығарды.
«Салтанат Қуандық Бишімбаевты жақсы көрді. Күйеуі толық бақылауында ұстады. Құрбымыз соның кесірінен тіпті достарымен қарым-қатынасын да суытты. Біз оған талай рет онымен ажырасуға кеңес бердік. Талай рет кетіп қалып жүрді. Пәтер жалдап, жеке тұрды, бірақ көп ұзамай ол қайта келіп, тізерлеп кешірім сұрап, қаншалықты жақсы көретінін айтып, бірнеше рет өзіне қайтарды. Біз оған мұндай адамдар ешқашан өзгермейтінін айттық. Бірақ Салтанат ешкімді елемей, оған орала берді», – дейді құрбысы.
Айта кетейік, Салтанат Нүкенова бірнеше жыл Павлодар облысында қала, аудан әкімі болған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Қайрат Нүкеновтің жиені.