Облыстық полиция кісі өлтірді деген айыппен бір адамның ұсталғанын растады
Абай облысы Үржар ауданы Үржар ауылында 2001 жылы туған азаматты аяусыз, 11 жерінен пышақтап өлтіріп кеткен. Бейресми ақпаратқа қарағанда, күдікті аудандық әскери комиссариатта жүргізуші болып жұмыс істеген. Облыстық полиция департаменті кісі өлтірді деген айыппен бір адамның ұсталғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға 30 қаңтарда түнде болған. Жергілікті тұрғындардың бірі «Ақ жол» дүкенінің алдында полицияның адамның денесі жатқан жерді лентамен қоршап, істің мән-жайын зерттеп жатқанын көрген. Кейін болған оқиғаны естіген.
«Естуімізше, көз жұмған жігіт – 2001 жылғы, біреудің жалғыз баласы екен. Үш жігітпен төбелесіп, олар ұрып кеткен болу керек. Тойдан шығып, келіспей қалған дейді. Естуімізше, сонда болғандардың екеуі әскери комиссариатта істейтін жігіттер, біреуі шопыр екен», – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Полиция күдіктіні бірден ұстапты. Qaz365.kz тілшісі Абай облысының полиция департаментіне хабарласқан кезде кісі өлтірді деген күдікпен Үржар ауданының тұрғыны (бір ғана адам) ұсталғаны белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, күдікті көлігін қорасына тығып қойған. Көліктің іші қан-қан екені белгілі болған. «Төбелестің неден басталғанын естіген жоқпыз» дейді олар.
Qaz365.kz редакциясына «күдіктінің көлігі» делінген «Лада приора» көлігінің видеосы да келіп жетті. Көліктің алды-артына әбден қан шашылған. Көліктің алдыңғы бампері сынған. Оны түсіріп тұрған ер адамның бірі «көлікпен қаққан ғой деймін» деп тұспалдайды.
Сондай-ақ уатсап әлеуметтік желісінде де кісі өлтірді деген жігіттің әскери комиссариатта жүргізуші болып жұмыс істейтіні жөнінде бейресми ақпарат тарады. Алайда Қорғаныс министрлігінің өкілі Руслан Жангулин редакциямызға берген жауабында күдіктінің әскери комиссариат қызметкері екенінін жоққа шығарды.