Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізуде
Төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушысы Біржан Байқұлов Алматыда лай көшкіні болған оқиға орнында үйінділерді бөлшектеу және балшық массасынан тазарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Түнгі сағат 02:00-де шақырту түсті. Сол кезде топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүріп, үйлерді қиратқанын айтты. Біз бірінші кинологтарды жібердік. Олар иттермен түгел қарап шықты. Одан кейін үйлердің төбесіне ақырындап кестік. Адамдарды іздеуді басталды. Бұл жерде бәрі қиын. Саз балшық болған соң, ауырлау соғып жатыр. Бәрін ақырындап тазалап шықтық», – дейді Біржан Байқұлов.
Жұмыстар өткір заттар, әйнек, арматура және тағы басқа заттар араласқан саз балшық массасының үлкен көлемімен, сондай-ақ үйге кіру жолының тар болуымен, техниканы барынша пайдалану мүмкін еместігімен қиындай түсті. Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізуде.
Айта кетейік, лай көшкінінен қаза тапқан төрт адамның денесі табылды. Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты.
ТЖМ психологтары туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетуде.