Олардың айтуынша, полиция арыздарын қабылдамауда
Түркістан облысында бір мектепте 29 оқушы мен 10 мұғалімнің уланғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұған мектеп директоры кінәлі деп санайтын ұстаздар қауымы Мемлекет басшысына үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының «№9 Майлықожа атындағы мектептің ұжымы атынан ұстаздар директор Оразкүл Сопибекованы кінәлайды. Олар Президентке де үндеуін осы мақсатта жолдап отыр.
«Біздің мектепке 2 ақпан күні жиналыс жасап, Оразкүл апайымыз сенбілікке келуіміз керектігін айтты. Өз қаражатымыздан әк, бояу алуды тапсырды. Сенбілікке келмеген әрбір ұстаздың үстінен акт жазамын, жұмыстан шығарамын деп ескертті. Сол себепті 13 кабинетті, дәлізді сырлап, әктедік. Ал дүйсенбі күні сабаққа келген кезде екінші сабақтан кейін оқушылар уланып, "жедел жәрдем" алып кетті. Біз содан бері әлі жүрміз. Ешқандай шара қолданылмады», – дейді үндеу жолдаушылар.
Олар Сарығаш аудандық полиция бөліміне барған. Бірақ арыздарын қабылдамай жатыр екен.
Директор барлық кінәні қызметкерлерге аудара салды дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облыстық білім беру басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, сол кезде 9-шы мектепте оқушылар мен мұғалімдер өзін жайсыз сезінген. Мектептің медбикесі шұғыл "жедел жәрдем" шақырған. Дәрігерлер 29 бала мен 10 педагогты ауруханаға алып кеткен. Оқиға 5 ақпан күні Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында болған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде дәл сол мектепте түсірілген видео тарады. Оқушылар екінші және үшінші қабатта терезе жуып жүр. Ал мұғалімдер ішін бояп жатқан. Олардың арасында жүкті әйелдер де болды. Бірақ сынып бөлмелеріндегі бояу кеппегендіктен, дүйсенбі күні сабаққа келген балалардың басы ауырып, өткір иіске улана бастаған.
Қызығы сол, мектептің директоры жұмысқа қаңтар айының 30-ы күні тағайындалып, ақпанның бірінде жұмысына кіріскен. Бұл оқиға бес күннен кейін болып тұр. Мектептің су жаңа директоры ardak.kz порталына берген сұхбатында ешкімді мәжбүрлеу болған жоқ дейді. Білім ошағының тазалығы сын көтермейді деген ол, ұжымды сенбілікке шақырғанымен, бояу-сырлау туралы бұйрық болмапты-мыс.
Сарыағаш ауданының прокуроры Жаннұр Ахметбек «№9 Майлықожа атындағы мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің улану фактілері бойынша қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен, яғни адамдардың жаппай улануына әкеп соққан санитариялық қағидаларды бұзу дерегіне сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды деп отыр.