Майқайың кентін сумен қамту қиындады
Екібастұз қалалық су арнасына қарасты магистральде апат болып, Богатырь, Восточный кеніштері және Майқайың кентін сумен қамту қиындады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Арнаның жазуынша, өңірдегі ірі өндіріс ошағы Богатырь Көмір кенішіне су беру доғарылды. Бірақ, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан жоқ.
Ал 10 мың халқы бар Майқайыңға қазір ауызсу резервтегі қордан үнемделіп берілуде. 30-дан астам жұмысшы мен 10-ға жуық техника қатып қалған құбырды жөндеуге жұмылдырылған. Елді мекендерге Екібастұз, Павлодар қалаларынан су тасымалдайтын көліктер жіберілді. Оқиға орнына аймақ басшысы Асайын Байханов барып, жедел штаб құрылды.
Ал блогер Оңғар Қабденнің жазуынша, Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылынан жылқы індеті тарап, ауыл карантинге жабылған. Ауылшаруашылық басқармасына алты айдан бері басшы тағайындалмаған. Сондықтан жауап беретін тұлға табылмай тұр.
«Осындай қиын сәтте облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыстан өз еркімен кетіп жатыр деген сыбыс Кереку көшесінде желден жылдам тарады. Қазақ өткелде ат ауыстырмаушы еді. Аязда аяқ астынан жұмыстан кетуіне не себеп болды екен? Президент әкімшілігінің мақұлдауымен тағайындалатын бірінші орынбасар деген ол өте үлкен лауазымды қызмет. Басқалардың қолы жетпей жүрген бұл креслодан мемлекеттік қызметкердің өз еркімен кетуі қисынсыздау», – дейді ол.