Бұл мәселе халық қалаулыларының назарына да ілікті
Жетісу облысының орталығындағы жасыл алқаптың орнына коттеджді қалашық салынуы мүмкін. Сенсеңіз, анау-мынау емес Талдықорған шаһарындағы Ардагерлер саябағының жанындағы жер телімі жекеге сатылып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 7-su.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселенің анығына келер болсақ, Талдықорған әкімдігі 2006 жылы бақандай 45 гектар жерді бар болғаны 6 миллион теңгеге сатқан. Ол аздай артынша 15 гектар жерді де 2 миллион теңге бағалаған. Сондағы жер телімдерін су тегін сатылуының мақсаты – коттеджді қалашық салу. Осыдан 18 жылдай бұрын болған жайт енді ашыққа шығып, қала жұртшылығының наразылығын туғызуда. Осылайша, соңғы уақытта "Талды-Париж" деп әспеттеліп жүрген жасыл желекті қалада жұрт ормансыз қалу қауіпінде тұр.
Осыған орай шаһар басшысы Ернат Бәзіл қала аумағында орналасқан жасыл желекті орманды алқапқа коттедж үй салу мәселесіне қатысты жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.
«Біріншіден, біз бұған қала жұршылығы ретінде қарсымыз. Бәрі кесіліп кетсе, ағашқа обал ғой. Екіншіден бұл жерде ешқандай инфрақұрылым жоқ. Кім кезінде қалай ойлап сатты. Түсінбеймін. Қалай дегенмен коттеджді қалашық салуға рұқсат бермейміз. Себебі жердің орналасқан аймағы ешқандай талапқа сай келмейді. Құқық қорғау органдары заңдылығын тексерсін. Мен бұл мәселелені шешудің екі жолын көріп тұрмын. Біріншісі – жерді беру кезінде заң талаптары бұзылған болса, кері қайтарамыз. Екіншіден ешқандай заңға қайшы болмаса, иесімін келісімге келу керек болады. Оларға қаланың басқа бөлігінен жер телімін береміз», – деді.
Бұл мәселе халық қалаулыларының назарына да ілікті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек бұл бассыздыққа жол берілмейтінін айтты.
«Бізге Талдықорған қаласында жер телімі жеке қолға бірілгені туралы хабар келіп түсті. 2006 жылы Талдықорған қаласының әкімдігі Жер кодексінің талаптарын заңсыз бұзу арқылы берген. Орманды алқап онсыз да жетіспей жатқанда ағаштарды кесу ақылға қонбайды. Ол жерде құрылыс басталса, қала халқы орманнан айырылады. Бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылу керек. Біз Талдықорған халқын қодаймыз. Ендігі кезекте «Жер аманаты» жобасы бойынша тексеріс бастаймыз», – деді.
Жергілікті «taldykorganec.insta» инста парақшасына таралған ақпарат бойынша, шамамен 60 гектардан аса жер телімі 2006 жылы жекеменшікке берілгені айтылады. Бұны қала әкімі растайды.
Бүгінде орманды алқапта орналасқан жер теліміне қатысты тексеріс шараларын жүргізу үшін қала әкімдігі Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды. Енді құзырлы органдар, жердің жеке меншікке берілуіне қатысты жалпы оның заңдылығын зерделеп, шешімін шығарған соң заң аясында шаралар қабылданбақ.